Австрияда бастауыш мектептерде хиджаб киюге тыйым салынды

0

Австрия парламенті бастауыш мектептерде хиджаб киюге тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Құжатты Австрияның халықтық партиясы және оңшыл-радикал Австрияның еркіндік партиясы қолдады.

Құжатта «басты жауып тұратын діни немесе идеологиялық киімге тыйым салынады» деп жазылған. Тыйымның мысалы, бастың көп бөлігін ашық қалдыратын еврейлердің кипасына қатысы жоқ.

Бұған дейін үкімет заң жобасын үш рет парламенттің қарауына жіберген.

Құжатты қолдаған депутаттардың пікірінше, заң мұсылман қыздардың Австрия қоғамымен тығыз қарым-қатынас орнатуына көмектеспек. Ал оппозиция өкілдері үкімет популизммен айналысып, интеграция немесе білім саласындағы маңызды мәселелермен айналыспайды деп сынады.

Заңды бұзғандарға 440 еуро көлемінде айыппұл салынады. Австрияның мұсылмандар қауымының өкілдері парламент шешіміне байланысты конституциялық сотқа шағым түсіретінін айтты. Олардың пікірінше, заң мұсылмандардың құқықтарын шектейді.

2017 жылдың қазан айынан бастап Австрияда қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын киім киюге тыйым салынған.

Azattyq