Авиация академиясына түсуге іріктеу күшейтіледі

0
22

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

20 0 0

Министр азаматтық авиация мамандарын даярлау деңгейінің төмендігін айтып, аталған салада елеулі өзгеріс енгізуді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов азаматтық авиация академиясына түсу балын жоғарылатып, іріктеуді күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бейнебайланыс арқылы ұйымдастырылған жиында министр академиядағы маман даярлау деңгейінің төмендігін атап өткен.

«Бұл ұшқыштарды оқыту бағдарламасының халықаралық стандарттарға сәйкес келмеуімен, сондай-ақ салалық оқу орнының түлектеріне отандық авиакомпаниялар тарапынан сұраныстың аздығына байланысты», – делінген хабарламада.

Мәселені шешу үшін министр Атамқұлов талапкерлерді іріктеу тетігін күшейтіп, академияға түсу балын жоғарылатуды, сондай-ақ авиацияның басқа да түрлеріне арнап кадрларды оқыту бағдарламаларын енгізуді тапсырды.

Сонымен қатар, Boeing корпорациясының бұрынғы бас ұшқышы, Қазақстан авиациялық әкімшілігінің ұшу қауіпсіздігі департаментінің жетекшісі Линда Орледи де аталған саланы сынға алды.

«Инспекторлық тексеріс нәтижесінде академияда бірқатар сәйкессіздіктер анықталды. Бұл жас авиаторларды даярлау тәсілдерін жүйелі түрде өзгертуді талап етеді және оқу орнын білім және ғылым министрлігінен бейіндік министрліктің қарамағына өткізуді ескере отырып іске асыру қажет», – деді Орледи.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда азаматтық авиация оқу орталығы құрылмақ

Айта кетейік, осы кезге дейін ұшқыштар даярлайтын білім ордасын әлемдегі жетекші оқу орындарының біріне айналдыру мақсатында азаматтық авиация академиясы 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы қабылданған. Алайда, талқылау қорытындысы бойынша ол халықаралық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, жақын арада қайта қаралатын болды.

Азаматтық авиация академиясы туралы не білеміз

Академия 1995 жылы 6 шілдеде Алматы қаласында құрылды.

Ол азаматтық авиация саласына техникалық және қызмет көрсету мамандарын, инженерлер мен ұшқыш техниктерді дайындайды. Сондай-ақ азаматтық авиация кәсіпорындары үшін қызметкерлерді қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.

Академия ректоры – Бекен Сейдахметов. Оқытушылар құрамы – 246 адам. Студенттер саны – 3 282, оның ішінде 1 148-і авиация колледжінде, 2 076-ы бакалавр, 52-і– магистратура, 6-ы докторантура бағыты бойынша білім алады.

2019 жылы академияға 797 студент қабылданды. Оның ішінде 269-ы авиациялық колледжге, 492 бакалавр, 35 магистрант, 1-і маман докторантураға түсті.

2014-2019 жыл аралығында жұмыспен қамтылған студенттер саны 1 209 немесе 64% құрайды.



sputniknews.kz