Атыраулықтар әйелді құтқарамын деп суға кеткен жас полицейді еске алды

0

Облыс әкімі әйелді құтқарамын деп суға кеткен 24 жастағы полицейдің отбасына көңіл айтты

 

АСТАНА, 22 наурыз – Sputnik. Атырау тұрғындары Жайық өзенінің жағасына жиналып, жас полицей қаза тапқан орынға гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Айта кетсек, 21 наурыз кешкі сағат 21:52-де патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев әйелдің суға батып бара жатқанын көріп, оны құтқару үшін артынан өзенге секіреді. Бірақ, 24 жастағы полицей Жайықтың қатты ағысына төтеп бере алмай, суға кеткен.

Көпірден секірген әйелді Ақымғалиевтің әріптесі Рүстембек Сүндітов құтқарды.

Бүгін облыс тұрғындары таңғы сағат он шамасында Жайық өзенінің жағасына жиналып, ерлікпен қаза тапқан полицейді еске алды. Олардың арасында марқұмның әріптестері, туған-туыстары, достары бар. Жиналғандар қайғылы оқиға болған орынға гүл шоқтарын қойды.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен облыстық полиция департаментінің басшылығы қаза болған полицейдің отбасына көңіл айтты.

Белгілі болғандай, Шалқар Ақымғалиев көпбалалы отбасынан шыққан. Үйленбеген екен. Отбасын жалғыз өзі асырап отырған. Құқық қорғау органдарында бес жыл қызмет еткен.

 



sputniknews.kz