Атырауда көлікпен сүйреген иттің жағдайы белгілі болды

0

Атырауда орталық көшелердің бірінде көліктің артына байланған итпен жол жүрген жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Атырауда әлеуметтік желілерде көліктің артқы бамперіне байланған итті сүйреткен видео таралып жатыр. Куәгерлер көлікті тоқтатуға тырысып, наразылықтарын білдіреді.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, көлік нөмірі бойынша оның иесі анықталып, ұсталды. ҚР Қылмыстық Кодексінің жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін жаза көздейтін 316-баб бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Қуанышқа орай, ит аман қалған. Полиция қоңырауынан кейін еріктілер бірден итті дереу клиникаға жеткізді.

«Итті бірден ауруханаға алып келді. Animlas клиникасына тазалап, емдеп бергені үшін рахмет. Иттің жараларын емдеп, дәрумендер егіп берді», — деді «Мейірімді жүрек» қоғамдық ұйымының жетекшісі Венера Манасова Facebook-те. 

Еске салайық, Атырауда бұл иттерге қатысты қатыгездіктің алғашқы жағдай емес. Атырауда осыған дейін иттің басын тоңазытқыштың темір есігіне қысып, өзі тоңазытқыштың үстіне аяғымен тұрған ер адам ұсталған еді. Кейіннен Қазақстанда көп азап шеккен атыраулық ит АҚШ-та қамқоршы иелерін тапқан еді.