Атырау облысының шенеуніктері жетімдерге көмектесу үшін жаңа жылдық кештен бас тартты — новости Казахстана
Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі әріптестеріне Жаңа жылдық кешті өткізбей керісінше, 60 жетімге 100 000 теңгеден беруді ұсынған. Балалар ақшаны кәмелет жасқа жеткенде шешіп алады деп хабарлайды NUR.KZ.
Бұл туралы қала тұрғыны Олжас Сұлтанов Facebook парақшасында жариялаған.
«Біз басқа елдегі президенттер мен шенеуніктердің қайырымдылық акцияларын көріп қуанып жатамыз. Мысалы, бір апта бұрын Обама қатерлі дертке шалдыққан балаларға сыйлық беріп желі оқырмандарын қуантқан болатын. Бұл – керемет іс. Бірақ бүгін Жылыой ауданының әкімінің жақсылығына бұдан да қатты қуандым», — деді Сұлтанов.
Оның жазуынша, балалар қаражатты оқуына жұмсай алады .
Сондай-ақ әкімшілік дәстүрлі түрде жыл сайын жетімдердің шотына ақша салып тұруды ұсынды. Балалар жиналған қаражатты 18 жасқа толғана шешіп алатын болады.
Жылыой ауданының әкімінің баспасөз қызметі аталған ақпаратты растап отыр. Олардың айтуынша, қайырымдылыққа жұмсалған ақша – бюжеттікі емес. Мемлекеттік қызметкерлер жаңа жылдық кешке жинаған қаражатты жетімдерге беруге бірауыздан келіскен.
Жиналған ақшаны «Білім» депозитіне салып, жетімдерге ұсынған.
Әкім баларға болашақта жоғарғы оқу орнына түсуге кеңес берді.
Еске сала кетсек, осыған дейін жаңа жылдық кешті өткізуге Ақтау қаласының мемлекеттік қызметкерлері мен Қызылорданың шенеуніктері бас тартқан болатын.