Атырау облысы әкімдігінде жемқорлық тәуекелдерін азайту жайы талқыланды
2018 жылғы 21 желтоқсан 10:13 203
АТЫРАУ. ҚазАқпарат — Облыс әкімдігінде өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, күн тәртібінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданылатын шаралар, мемлекеттік сатып алулар өткізу кезіндегі бұзушылықтар, Мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексін сақтау туралы мәселелер қаралды.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов, ҚР МҚІжСЖҚІҚ агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Меңдіхан Лұқпановтар баяндама жасады.
Спикерлер сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау қорытындысын, алдын алу шаралары мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жасалып жатқан жұмыстар жайында хабарлады.
Аймақ басшысы мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара байланысты жолға қоюға бағытталған жұмыстарға оң баға берді. Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті көтеру, түсіндіру жұмыстарының әдіс-тәсілдерін жетілдіру, мемлекеттік органдар жұмыстарының тиімділігін арттыруға қатысты проблемаларға назар аударды.
«Бүгін көтерілген мәселелердің бәрі маңызды. Осы өзекті проблемаларға жіті назар аударуымыз керек. Әр мемлекеттік қызметші алдына қойылған міндетті адал, сапалы атқаруы тиіс. Сол кезде ғана сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала анықтай аламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар мен халық арасындағы кері байланысты ретке келтіру жұмыстары жүруде. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекеттік қызметшілердің халықпен тікелей байланысын азайтуға қол жеткізуіміз қажет, сол кезде бюрократиялық кідірістер де азаяр еді», — деді Нұрлан Ноғаев.
Жиналыс соңында Атырау облысының әкімі барлық мемлекеттік органдардың басшыларына тұрғындардың арыз-шағымдарына уақытылы назар аударуды тапсырды. Сол кезде кері байланыс орнап, халыққа мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерін жеткізуге мүмкіндік болады.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz