Аты шулы террорист ұсталды! Ол Стамбулдан Қазақстанға келмек болған

0

Түркиялық барлау басқармасының қызметкерлері терроризмге қарсы қызметпен бірлесіп, аты шулы террорист Серхат Өзелді (бүркеншік аты – Кендал-Нумад Ахмет) ұстады, деп хабарлайды Ulymsedia.kz.

Өзел – «Күрдістан жұмысшы партиясы» террористік ұйымының жетекшісі Дуран Калканның оң қолы. Сондай-ақ ол ықпалды есірткі саудагері, түрік үкіметіндегі шенеуніктерін, полициясы мен қауіпсіздік күштерінің қызметкерлерін қудалаушы болып саналады. Тіпті, АҚШ билігі оның тұрғылықты жері туралы ақпарат үшін 3 млн доллар сыйақы жариялаған. Сондай-ақ Серхат Өзел Иран азаматының жалған төлқұжатымен Қазақстанға ұшып кетпек болған деп хабарлады CNN Turk.com.

Әзірге лаңкестің Қазақстанға не үшін келмек болғаны жайлы ақпарат жоқ.

Өзел – сириялық террорист Нұритдин Демирташтың шәкірті. Ал террористік ұйымға 2015 жылы Германияда болған кезден бастан қосылған. Оған дейін Сириядағы қарулы қақтығысқа қатысқан жоғарғы күрд кеңесінің халықтық өзін-өзі қорғау отрядының Атқарушы кеңесінің мүшесі болған. Соынмен қатар Демирташ пен Өзел қаруды Түркиядан Сирияға жеткізумен айналысқан.

Айта кетейік, Күрдістанның жұмысшы партиясы көптеген мемлекетте террористік ұйым ретінде танылған. Ол 1970 жылдардың аяғында негізінен этникалық күрдтер қоныстанған Түркияның оңтүстік-шығысының тәуелсіздігіне ұмтылған ұйым ретінде пайда болды.