АТАУ НЕГЕ АУЫСПАЙДЫ? | «Айқын» газеті

0
132

Бетпақдаладан Тянь-Шаньға, Шудан Қаратауға дейінгі аумақты ен жайлаған, аумағы 144,2 мың шаршы шақырым болатын Жамбыл облысының бір түкпірінде Гранитогорск деген ауыл бар. Табиғаты сондай әсем. Тауды жарып аққан бұлағының өзі бұл өлкенің сұлулығынан хабар берсе керек. Шатқалы мен асуында бабаларымыз­дың ізі қалған қастерлі аймақтың орысша атауы әлі күнге мызғымай тұр.

Қазақтың ән өнерінде өзіндік ізін салып, қараша халықтың басынан өткен жағдайларды сазбен суреттеп, ғажап әуеннен ескерткіш орнатқан Алтынбек Қоразбаев осы өлкеде туып-өскен. Тұмса табиғатты аймақтан бабаларының қалай қуылғанын, жаттың қолына қалай өткенін жастайынан естіп есейіпті. Содан болса керек, жанына қатты батады. Қазақстан­ның Халық артисімен таяуда осы мәселеге орай арнайы жолықтық. Алтынбек ағамыз Гранитогорск атауын өзгерту туралы Елбасының өзіне жүзбе-жүз айтқанын, Президенттің бұл ұсынысты қолдағанын әңгімелеп берді.
– Жамбыл облысы Меркі ауданындағы таудың бөктерінде, Аспара өзенінің бойында Грани­тогорск деген мекен бар. Онда 300-400-ге тарта түтін бар. Ол жер ата-бабамның ата қонысы болған. Сонау 1930 жылдары орыс отаршылдары келіп, шұрайлы жерді жаулап алған. Әкем айтып отыратын, «жалғыз мылтықпен аспанға тарсыл­датып ататын» деп. Сөйтіп, қазақтың бәрін қорқытып, қуған ғой. Ол жерде Қоңырбай деген атамның қыстағы болған. Қыстауға бес-алты ата болып келіп, таудың әр түкпіріне ыңғайлап ор­наласады екен. Содан орыстардан қорқып, үш шақырымдай төмендегі Қызылсай деген сайға көшіп кетеді.
Биыл маусым айында Елбасы жылдағы әдеті бойынша ауыз бекіткен адамдарды жинап, ауызашар берді. Екі күн бұрын Ақордадан жігіттер хабарласып, «Алтеке, Елбасының өзі шақыртып отыр. 1 маусым күні Президент ауызашар береді. Сол шараға келуіңіз керек. Ол кісіден кейін сіз сөз сөйлейсіз», – деді. Бас мүфти болды аталған іс-шарада. Елбасыға Ермахан Ыбырайымов пен ассамблеяның тағы бір мүшесі жақынырақ отырды. Президент ортамызға келіп, елмен аман­дасқаннан кейін маған бұрылып: «Алтеке, Қызыл­­сайға барып тұрасың ба?» – деді. Шы­ным­ды айтайын, жүрегім жарылып кете жаздады. Себе­бі, сол Қызылсайда туған­мын. Балалығымның бал­дырған кезеңі, есейіп етек жиған шағым сол өл­кеде өтті ғой. «Қызылсайды қайдан біле­сіз?» – деппін. «Ой, Алтеке-ау, сен әндеріңнің біра­зында «Қызылсай» деп айтып жатасың ғой. Туған жерің екенін білемін», – деді. Елбасының осын­шалықты пайым-парасатына куә болып, қатты қуандым. Сол қуанғаннан жоғарыдағы туған жеріме қатысты түйткілді мәселенің бірін қал­дырмай, айтып бердім. «Аға, туған жерім – Қызылсайдан ары үш ша­қырымдай жердегі мекенге орыстар Гра­нитогорск деп өздері ат қойып алған. 60-жылдары мен сол Грани­тогорскінің мектеп-интернатында оқы­ғанмын.

Енді малшының баласымын ғой. Қызылсайдағы төртжылдық мектепті тамамдағаннан кейін бәріміз сол мектеп-интернатқа барып оқитын едік. Сол кезде Грани­тогорскіде 95 пайыз орыстар мекендейтін. Есімнен кетпейді, алты-ақ үй ғана қазақ болатын. Міне, сол Гранитогорскінің атауын ауыстыра алмай жүрміз. Осы мәселе бойынша мен облысты басқарған төрт әкімге ашық хат жаздым. Біріншісі – Серік Үмбетов. Одан кейін Бөрібай Жексембинге өтініш қылдым. Үшінші ретте қазіргі Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа, содан соң Кәрім Көкі­рекбаевқа да хат жолдағанмын. Төртеуінен де еш қайран болмады. Бозымбаев қызметтен кеткеннен кейін қазіргі әкім Асқар Мырзахметовке де хат жаздым. Әлі күнге еш нәтиже жоқ.
Елбасы «Ендеше, ол жердің атын не деп қояйын деп жатырсың?» – деді. «Аға, ол жер атам Қоңырбай ақсақалдың қыстағы болатын. Қоңыр деп қойсақ қалай болады? Қоңыр деген сіздің де жайлауыңыз бар. Қоңыр деген ансамбль бар. Жалпы, қазақтың табиғатын ашып тұрған атау ғой», – дедім. «Әә, өзіңнің ба­баңа бүйрегің бұрып тұр-ау. Одан да Аспара деп неге қоймайсың?» – деді. Төменгі жақта Аспара деген ауыл бар екенін айтып едім, «Онда Аспара бұлақ» деп қой», – деді. Міне, Гранитогорскінің жаңа атауының қалай болатынын Елбасының өзі айтып берді. Президентпен ортада болған диалогтың бір сөзінің қатесі жоқ. Қалай болды, солай жеткізіп тұрмын. Қазір ел-ел, жер-жердің бәрі жаппай өзгеріп жатыр ғой. Орыс атаулары алынып, қазақтың тарихы берілетін уақыт келді емес пе?! – дейді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев.
Қазіргі таңда кеңес заманында орны­ғып қалған атаулардың тақтан түсіп, қазақша тарихи атаулардың қайта салтанат құрып жатқаны белгілі. Бұған биліктің өзі мүмкіндік беріп отыр. Осы жылдың ба­сында Президент Әкімшілігі идеологиялық мағынасы ескірген көшелерді, қайта­ла­натын атауларды тарихи жер-су атаула­рымен ауыстыру туралы тапсырма да берген болатын. Осы жайлы ақпарат іздеп отырып, Меркі аудандық әкімдігі сайтын­дағы ұсынысқа тап болдық. Онда Меркі ауданы Андас батыр ауылдық округі Гра­нитогорск ауылындағы мағынасы ескірген «70 лет Октября» көшесін «Бірлік» деп атау туралы тұрғындар ұсыныс білдіріпті. Мұны округ басшылығы қолдап, көше атауы ауыстырылған. Бірақ ешкім ауыл атауын ауыстыруға қатысты ұсыныс жолдамапты. Мұның сырын да білдік. Бірақ оны кейінірек тарқатайық. Әзірге облыстық тілдерді дамыту басқармасы өкілінің пікірімен бөліскіміз келеді.
– Президент Әкімшілігінен 150 тарихи тұлғаның есімі және 298 дәстүрлі атаулар (Тәуелсіздік, Бейбітшілік, т.с.с), 70 жер-су атауларының тізімі келген. Наурыз айынан бері сол тізімге байланысты жұмыс істеп жатырмыз. Алтынбек ағаның бұған дейін жазған хатына да солай жауап бергенбіз. Гранитогорск ауылында басқа ұлттың өкілдері көп тұрады. Бастапқыда атауды өзгерту туралы жұмыстар жүргізілген кезде ауыл адамдары қарсы шығып, жұмыс тоқтап қалған. Әйтпесе, Меркі ауданы бұл шаруаны қолға алып еді. Қазақстан Үкі­метінің 138 қаулысы бар. Ол бойынша жергілікті тұрғындардың да пікірлері ес­ке­рілуі тиіс. Ол жерде орыс ұлтының өкіл­дері көп тұрады. Осылайша, халықтың қар­сылығынан оны ауыстыра алмағанбыз, – дейді Ономастикалық жұмыс бөлімі басшысы Нәбира Сулиманова.
Облыстық әкімдік өкілінің пікірін интернеттегі деректер де растайды. 2009 жылғы дерек бойынша ауылда 1000-нан астам адам тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі – орыс ұлтының өкілдері. Мәселенің анық-қанығын біле түспекке Андас ауыл­дық округі әкіміне де телефон соқтық. Ауыл халқының өжет мінез танытып, ауыл атауын қызғыштай қорғап отырғанын, оған жергілікті атқарушы биліктің әзірге тісі батпай отырғанын да түсінгендей болдық.
– Ауыл атауын ауыстыруға жергілікті халық наразы. Сол ауылдың өзінде 20 көше бар. Бәрінің атауы орысша. Соңғы уақытта халыққа түсіндіріп, күресіп жүріп үшеуінің атауын қазақшаладық. Осының бәрі бізге оңай тиіп жатқан жоқ. Көшеде бес-ақ үй болса, соның төртеуі орыс. Олар бірден қарсы шығады. «Ленина», «60 лет», «40 лет» деген көшелер бар. Бәрін бірдей қазақшалап тастауға уақыт керек. Бір­тіндеп реттеледі деп ойлаймын. Ауыл ата­уын қазақшалау үшін жергілікті тұр­ғын­дардың келісімі керек. Шыны керек ол келісімге қалай қол жеткіземіз, ол жағы бел­­гісіз. Ол жақта тұратын қазақтардың өзі орысшаланып кеткен. «Зачем?», «Не на­до» деп шығады, – дейді округ әкімі Бей­бітбек Әлімбекұлы. Әрине, орысша атаудан арыла алмай отырған елімізде ел­ді­­мекен көп. Гранитогорск – соның бірі ғана.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының жарияланғанына жылдан асты. Жақында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарық көріп, онда тарихымызды түгендеу, ұлттық болмысымызды ай­шық­тау мәселесі ашық айтылған. Қазақтың дархан даласындағы әрбір ауыл, ауданына батырларымыз бен билеріміздің, мемлекет қайраткерлерінің есімдері беріліп, тарихи-идеологиялық әділдік салтанат құрып тұрса, қанеки. Бұл тұрғыда ауылдық, аудан­дық, облыстық әкімдіктер белсене атсалысып, ауыл атауын қазақшалау жер­гілікті халықтың намысын жығып, көкі­регін тіземен басу емес, тәуелсіз мем­ле­кеттің дербес өзіндік саясаты екенін ұғын­дыруы қажет сияқты. Атауды қазақ­ша­ламай, ата-баба рухын қалай разы етерміз?

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Дереккөз: Айқын