Атамекенінен босқын мәртебесін ала алмаған Сайрагүл Сауытбай Швецияға кетті

0

Тарихи отанында босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған Шыңжаң қазағы Сайрагүл Сауытбай Алматыдан Батыс елдерінің біріне ұшып кетті. Бұл туралы маусымның 3-і күні Азаттыққа оның адвокаты Айман Омарова хабарлады.

Адвокат Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына Сайрагүл Сауытбаймен әуежайдың халықаралық рейстерге арналған залында бірге түскен суретін жариялап, оған «Қытайдан қашып келгенде атажұрты пана бермесе де, енді әлемдегі ең дамыған мемлекет есігін ашып отырғанын» айтып, Сайргүлге сәттілік тілеген.

Айман Омарованың Азаттыққа айтуынша, Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге маусымның 3-і қараған түні Алматыдан Швецияға ұшып кеткен.

— Біз бұған дейін үшінші елден көмек сұрайтынымызды айтқан едік қой. Негізі БҰҰ сот өтпей ешқашан рұқсат етпейтін. Заңда да солай. Бірақ мен АҚШ-қа өтініш еттім. БҰҰ-на барлық мән-жайды жеткіздік. Ұйымның босқындар жөніндегі комиссариаты Сайрагүлге ерекше жағдай жасады, Швеция өздеріне келуге рұқсат етті, — деді адвокат.

Сайрагүл Сауытбай 2018 жылы сәуір айында «Қорғас» кеден бекеті арқылы Қазақстанға шекараны заңсыз кесіп өткен болатын. Сол жылы мамырдың ортасында оны Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ұстап, Талдықорғандағы тергеу изоляторына жеткізген.

Оған Қазақстан қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-тармағы («Шекараны заңсыз кесіп өту») бойынша айып тағылды.

Сайрагүл Сауытбайдың ісін бір айға жуық уақыт қараған Алматы облысы Панфилов аудандық соты өткен жылы тамызда оны айыпты деп тану және алты айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған, бірақ оның жазасын «жеңілдететін ерекше жағдайына» байланысты шартты жазаға ауыстырған.

Сайрагүлдің өзі «Қытай билігі паспортымды алып қойған соң шекарадан заңсыз өтуге мәжбүр болдым» деп түсіндірген.

«Қытайда төлқұжаттымды алып қойды. Амалсыз осындай заңсыз әрекетке баруға мәжбүр болдым. Өйткені бұл [Қазақстандағы] балаларыма жететін соңғы мүмкіндік болатын. Қытайдың шекараны кесіп өтетін рұқсат қағазын ақша төлеп заңсыз сатып алдым. Шекараны заңсыз кесіп өттім. Балаларыма жеттім» деген сот кезінде ол.

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы 2016 жылы Қазақстанға қоныс аударған.

Алматы облысы көші-қон қызметінің жанынан құрылған «Босқын мәртебесін беру» жөніндегі комиссия 2018 жылы қазанда Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап жазған өтінішін қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Бұдан кейін Сайрагүл Сауытбай Талдықорған қалалық сотына талап-арыз түсіріп, комиссия шешімін заңсыз деп тануды сұраған еді.

Бұған дейін қалалық сот «істі өндірістен алып тастау» туралы шешім шығарған болатын. Бірақ мамырдың 29-ы күні Алматы облыстық соты қалалық соттың ұйғарымын заңсыз деп тауып, істі қайта қарауға жіберген. Сот әлі жалғасып келеді.

Адвокат Айман Омарова ол сотқа өзіне сенім хат қалдырып кеткен Сайрагүл Сауытбайдың мүддесін қорғап қатысатынын айтты.



Azattyq