Ата-анасы жауапкершілікке тартылуы мүмкін: Қарағанды облысында иттер 6 жасар қызды талап өлтірді
Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында 6 жасар қызды иттер талап тастады. Қыз бала осы жағдайдан кейін көз жұмды, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі Liter.kz порталына сілтем жасап.
15 қараша күні сағат 17:00-де Сәтбаев қаласының полиция бөлімінің кезекші бөліміне «жедел жәрдем» дәрігерлері хабарласып, болған жағдайды баяндаған.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы қыздың ата-анасымен бірге саяжайда бір үйінде тұрғанын анықтады. Сол күні қыз ересектердің қарауынсыз үйдің ауласында иттердің арасында қалып қойған.
Бір топ ит баланы қоршап алып, оған шабуыл жасаған. Баланың айқайын естіген ата-ана көшеге шығып, иттерді қуып, жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер бүлдіршінді аман алып қала алмады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сараптама тағайындалды.
«Барлық жағдай анықталып жатыр. Сондай-ақ, полицейлер ата-анасын жауапкершілікке тарту мәселесін шешуде. Иттерге келетін болсақ, оларды ұстау бойынша тиісті ветеринарлық қызметтерге нұсқау жолданды», — деді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінде.