«Ата-анасы екпе салдырмаған балалар балабақшаға жіберілемейді»: Ақпарат желіде дау тудырды

0

Шығыс Қазақстан облысында ата-анасы COVID-19-ға қарсы егілмеген балаларды балабақшаға қабылдамайтыны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Stopfake.kz басылымы.

Шын мәнінде, өңірдің және елдің бас санитралық дәрігерлерінің қаулыларында мұндай талаптар жоқ.

COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған балаларды балабақшаларға қабылдамайды деген қауесетті жоққа шығарды.

“ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 14.07.2021 жылғы №32 «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысында мектепке дейінгі балалар мекемелеріне баратын балалардың ата-аналарын вакцинациялау туралы мәселе қозғалмайды. Балалар мектепке дейінгі мекемелерге шектеусіз барады”, – деп хабарлады ведомстводан.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 14 шілдедегі қаулысында соңғы 3 ай ішінде тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар немесе COVID-19 ауырғандарды қоспағанда, COVID-19 қарсы вакцина алмаған адамдар күндізгі бөлімде жұмыс істеуге жіберілмейді делінген. Бұл талап білім беру және тәрбиелеу ұйымдарының, оның ішінде оқу-өндірістік комбинаттардың білім беру дамыту және түзету орталықтарының және басқа да мектептен тыс ұйымдардың қызметкерлеріне де қатысты.

Алайда, аталған білім беру мекемелеріне баратын балаларға және олардың ата-аналарына вакцинация туралы талаптар қолданылмайды.

Демек, ҚР бас санитарлық дәрігері ата-аналардың КВИ-ға қарсы вакцина алмауына байланысты балаларды балабақшаға, мектепке немесе басқа білім беру мекемесіне қабылдаудан бас тартылуы мүмкін деген қаулылар шығарған жоқ.