Асыл болуға асыққандар

0
174

Биыл Шортанды ауданына бес отбасы, яки 18 адам қоныс­­­танды. Былай қарағанда тым аз болғанымен, ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрінің мұр­тын бұз­­­бай сақтаған осы ағайынның сары ор­мандай самсаған өзге жұрттың қақ ортасына топ ете түсуі де бір олжа. Зайыры Шортанды тыңның эпицентрі атанған өлке. Ауыл-аймақтың бәрі дер­лік тыңгерлердің қонысы. Тәуел­сіздік алғанға дейін өз­ге тіл, бөтен салт-дәстүр жай­­лаған жер еді. Енді міне, бір­те-бірте өз то­пырағымызда өзі­міздің өңіміз жадырап келеді. Тәубе дерлік.

Шортанды ауданының ха­лықты жұмыс­пен қамту ор­та­лығының басым бағыт­та­ры­ның бірі – атажұртқа қо­ныс аударған ағайынға мүм­кін­­дігінше қол­дау көрсету. Орта­лық өз жері болса да, әп еткен бетте жатырқап қараған жан­дарға мемлекеттік қолдау түр­лерінің қандайына қол жет­кізуге болатынын, ортаға бейім­деліп, жұмысты қалай табу керектігін тәптіштеп тү­­сін­діруде.

– Атажұртқа көшіп келген ағайын­ға субсидия түрінде кө­мек көрсетіледі, – дей­ді аудан­­­­дық халықты жұмыспен қам­ту орталығының директоры Ерлан Жапаров, – әрбір адам­ға 35 айлық есептік көр­сеткіш кө­­лемінде қаржы бөлінеді. Оған қоса, пәтер жал­дап тұру қажет болса, өтем­ақысы да қа­рас­тырылған. Ол келісімшарт арқылы негізделеді.  Қоныс аударған отбасы бір жыл бойы осы көмекке арқа сүйейді.

Бір кезде төрткүл дүниенің төрт бұ­ры­­шына тарыдай ша­шылған қан­дастары­мыздың бірі – Маман Қыдырбек Қы­тай­дан көшіп келіп отыр. Әзір­ге Ново­­кубанка ауылында пәтер жалдап кү­нелтуде.

– Қол қусырып қарап оты­­ру­дың жөні жоқ, – дейді Ма­­ман апай, – азын-аулақ мал сатып алып, тырбанып жа­­­­тыр­мыз. Әлі-ақ қатарға қо­сылып ке­теміз ғой. Тәубе, ту­ған жердің төсіне жеттік. Енді қалғаны оңай. Әуел бас­та қиналып қаламыз ба деп қорыққанымыз да рас. Бі­рақ ел ыстық құшағын жа­­йып, бауырына тартып­ жатыр. Қам­қорлық көрсет­кен мемлекетімізге де, ел аға­ла­рына да мың да бір рахмет. Солардың жанашырлығының ар­қа­сында балаларымыз­ да жетіліп өсіп, қатар құрбылары­мен үйренісіп қалды.

Апайдың айтуына қарағ­­ан­да, ата қо­нысқа ұрпағы үшін жеткен. Желкілдеп өсіп ке­ле жат­қан бауыр еті – балалары өз­ жұртында өссе ар­ман бар ма?! Және бір сө­зі көкірегімізді уыл­­жытып жі­берді.

– Сол балалар, – дейді апай,­ – ел­ге масыл емес, асыл бо­­­л­уға келіп отыр. Асыл­дығы, өз ­елі­нің көркеюіне үлес­терін қос­пақ. Байлам сол, мақсат та осы.

Осындай аталы сөзден айналып кет­сең болмай ма?!.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы, Шортанды ауданы