Астаналық әйел интернет арқылы танысқан адаммен қонақ үйде кездесіп, 115 мың теңгесін ұрап кеткен
Нұр-Сұлтанда бірдей жағдайдағы екі қылмыс орын алды.
Қала полициясының мәліметінше, бірінші жағдайда қыз жапа шеккен. Ол ер адаммен әлеуметтік желі арқылы танысып, қонақ үйде кездесуге келіскен.
«Бөлмеде уақыт өткізіп, қыздың ұйықтағанын күткен соң жаңа танысы оның құны 70 мың теңге тұратын Samsung маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткен.Ұрлыққа күдікті анықталып, ұсталды. Ол 38 жастағы жұмыссыз қала тұрғыны болып шықты. Ер адам кінәсін мойындады. Жәбірленушінің телефоны тәркіленіп, иесіне қайтарылды», — деді полицияда.
Екінші жағдайда қылмыстың құрбаны ер адам болды. Мобильді танысу қосымшасы арқылы ол 54 жастағы әйелмен сөйлесе бастаған. Біраз уақыттан кейін ол ер адамға қонақ үйде уақыт өткізуді ұсынады.
«Бөлмеде олар алкогольдік ішімдіктер ішкен. Ер адамның ішімдік ішкеннен кейін ұйықтап қалуын күткен әйел қосымша арқылы телефонындағы өзінің карточкалық шотына 115 мың теңге аударып, содан кейін қонақүйден кеткен», — деп хабарлады құқық қорғау органдары.
Ер адам ұрлықты анықтап, полицияға жүгінген. Әйел ұсталды, ол бәрін мойындап, ұрланған ақшаны жәбірленушіге қайтарып берді.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Елорда аумағында бұрын жасалған ұқсас қылмыстарға әйелдің қатысы бар-жоғы анықталуда», — деп атап өтті полицияда.