Астанада үш ай ішінде жалға берілетін 25 мың пәтер анықталды
2018 жылғы 7 желтоқсан 10:05 48
АСТАНА. ҚазАқпарат — 5 қыркүйек пен 5 желтоқсан аралығында Астана қаласында Жергілікті полиция қызметі «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасының мақсаты — учаскелік полиция инспекторлары, көші-қон, криминалдық және патрульдік полиция және басқа да қызметтердің қатысуымен әрбір учаскелік аумақтардағы заңбұзушылықтарды алдын алу.
Учаскелік полицейлер 5 қыркүйектен бастап өз аумағында тұрып жатқан азаматтар туралы мәлімет алу үшін пәтерлер мен аулаларда тексеру жүргізді. Олар осы уақыт аралығында 300 мыңға жуық пәтер мен 30 мыңнан астам жеке үйді аралап шықты. Ішкі істер органдарында тіркеуде тұрған 11 мыңға жуық азамат тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Сондай-ақ, 16 мыңға жуық азаматтық қару иелеріне тексеріс жүргізілді.
Нәтижесінде жалға берілетін 25 мыңға жуық пәтер тіркеліп, олар туралы ақпарат Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді.
Жалпы «Учаске» іс-шарасы басталғалы 22 мыңға тарта азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасының көші-қон заңын бұзған 2500-ге жуық шетел азаматы анықталды.