Астанада құрылыс алаңында жарақат алып, аяқ-қолы істемей қалған азаматтар жанайқайын жеткізді
Сыз тартқан бөлмеде келер күннен үміт күтіп жатқан жігіт енді құзырлы органдар осы жәйтке назар аударса дейді.
Астанада қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан құрылыс нысанында жарақат алған екі жұмысшы әлі күнге дейін өтемақы ала алмай келеді. Тұрғын үйдің үшінші қабатынан құлап мертіккен құрылысшылардың туыстары осы уақытқа дейін мердігер компанияның табалдырығын тоздырыпты. Тіпті, ем-домына қажетті қаражатты өз қалталарынан төлеуге мәжбүр. Ал, бір жұмысшы төсекке таңылған.
Астанада құрылыс алаңында жарақат алып, аяқ-қолы істемей қалған азаматтар жанайқайын жеткізді
Бұл туралы “Еуразия бірінші арнасы” хабарлайды, деп жазды stan.kz.
Астанадағы “Өндіріс” тұрғын алабында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан екі жұмысшы оқыста нысанның үшінші қабатынан құлап, мертігіп қалған. Айтуларынша, қызу жұмыстары жүріп жатқан нысанда ешқандай қауіпсіздік талаптары сақталмаған.
Қызылордадан Астанаға жан бағып, отбасын асырауға келген Бақытжан Шындалиев ойда-жоқта құрылыс басында құлап, денсаулығынан айырылған. Өзінің айтуынша, жұмысқа кіргеніне тек бір ақ апта болыпты.
«Қол-аяғым істемейді. Екі аяғым үлкен галош киіп жүрмін. Зорға киемін. Киіп жүрмін, шешерде тағы қиналамын. Міне, қолым істемейді. Басында айтқанбыз, каска әкеліңдер, белдік әкеліңдер деп, арқан болуы керек негізі. Әне-міне деп жүрді. Сондай жағдай болып отыр», – дейді зардап шеккен құрылысшы Бақытжан Шындалиев.
Ал, екі жігітті жұмысқа алған құрылыс компаниясының өкілдері бар кінәні қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жұмысшыларға артуда.
«Өзің былай іліп барып тастағансың. Мен сендерге екі минут алдын айттым, қараңдар дедім, түстім. Құладыңдар. Мен сендерге қараңдар, құлайсыңдар дедім», – дейді компания өкілі.
Өздерін сүттен ақ, судан тазамыз деген нысанның жетекшісі қазір бір өлімнен аман қалған жұмысшыларға ем-домын, еңбекақысын уақытылы төлеп жүргенін айтып бақты.
«Сол жағдай болған кезде мен қастарында тұрдым да, түстім, түскен кезде құлады. Каскасы болған, мен түскен кезде шешіп тастаған. Мен оны камерадан қарадым, каскасын шешіп тастаған. Белдік тағу күніге айтылып жүрген нәрсе, күніге киіңдер, киіңдер деп жүргенде тақпаған өздері. Бүкіл айлығын, ақылы клиникасын төлеп отырмыз. Қолдан келгенін жасап отырмыз», – дейді құрылыс нысанының жетекшісі Досжан Ақмаров.
Екінші зардап шеккен құрылысшының жағдайы мүлде ауыр. Жерге жайсыз түскен 35 жастағы жігіт қазір төсекке таңылған. Аяқ қолы икемге келмейді. Құр денесінде жаны ғана. Ерте бастан сынған жеріндегі гипсті алып тастағандықтан сүйектері қисық біткен. Сап-сау жүріп мүгедек болып қалған құрылысшы сол күнді былайша еске алды.
«Ана ауруханаға барсақ алмайды дейді. Мынаған барсақ алмайды дейді. Қолыңды дұрыстап кел дейді. Травматологқа барсақ, ол бас тартыпты. «Алмаймыз, бірден келу керек еді», – деді. Сұрадық біз, барған кезде ешқайсысы қауіпсіздік белдігін тағып жүрген жоқ. Қайда деп едік, айлық түскеннен соң аламыз деді. Жаңадан бастап жатырмыз әлі, әзірге ештеңе жоқ, жұмыс істей беріңдер деді», – дейді зардап шеккен құрылысшы Арал Жүсіпов.
Аралдың мұң-мұқтажын қазір дос-жарандары тыңдап, қолдарынан келгенше көмектесіп жүр. Өзі ем қабылдап жатқан жері, қаланың бір бұрышындағы инемен емдейтін мекеме. Біз бұл жерді көріп өзіміз де жағамызды ұстадық. Жағдайы күннен күнге нашаралап келе жатқан науқасты ауруханалар да қабылдамай жатыр екен.
«Мені күтуші ретінде жалдады компания. Келген кезде өзім жағамды ұстадым. Мұнда ешқандай жағдай жоқ. Қарапайым ыстық су жоқ. Менің де жалақымды бермей отыр. Науқастың жағдайы ауыр. Белден төмен қарай мүлдем жұмыс істемейді», – дейді күтуші Гүлбаршын Омарова.
Сыз тартқан бөлмеде келер күннен үміт күтіп жатқан жігіт енді құзырлы органдар осы жәйтке назар аударса дейді. Жанайқайын айтып, қарт әкесі өзін қоярға жер таппай жүр.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/