Астанада Қазақстан дінтанушыларының VIII форумы өтуде
Фото: Нұржас Жақсыбай
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астанада «Қазақстандық қоғамның рухани қауіпсіздігі: тəжірибесі мен болашағы» атты Қазақстан дінтанушыларының VIII форумы өтуде.
Қазақстан Дінтанушыларының кезекті форумының ашылуында Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын бұған дейін өткізілген жеті форум мен бүгінгі жиынның маңыздылығына тоқталды.
«Қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекеттік конфессиялық қатынастардың мәселелерін талқылап, терең идеялар мен нақты міндеттерді анықтауға жиналып отырмыз. 2011 жылдан бері жеті форум өтті. Әр форумда діни салаға қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыға түсті. Биылғы форумның «Қазақстандық қоғамның рухани қауіпсіздігі: тәжірибе және болашағы» тақырыбына арналуының өзі Елбасымыз айтқандай, адамзат дамуының үшінші мыңжылдыққа өткеніне 18 жыл өтсе де, келісім, қауіпсіздік және тұрақтылықтың негізгі үрдіске айналдыра алмай отырғанымыздың айғағы іспетті», — дейді вице-министр.
Баяндамашылар арасында Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов қоғамдағы діни көзқарастың өсуі туралы пікірін білдірді.
«Қазір қоғамда діни сауаттылық артты деген сөз айтылып жүр. Ал, шын мәнісінде діни сауат өсті ме, әлде, дінге деген қате көзқарас өсті ме? Мәселен, бес мезгіл намаз оқитын немесе жұма намазға барып жүрген кісілерді дін адамы деп айта аламыз ба? Бұл ойланарлық жағдай. Осы салада теологтар мен дінтанушылар біраз жұмыс жасау керек деп ойлаймын», — деді Айдар Әбуов.
Форум барысында дін мамандары «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы Қазақстан дінтанушыларының рөлі» жəне «Қазақстан Республикасындағы діни сенім бостандығының жағдайы туралы» секілді ауқымды екі тақырып төңірегінде жан-жақты ой ортаға салынды.
Сондай-ақ еліміздегі діни ахуалға, діни экстремизмнің алдын алу бойынша ақпараттақ-түсіндіру жұмыстарын жетілбіру, Қазақстандық исламтану мектебінің қалыптасуы жəне өзге де маңызды мəселелер талқыланды.
Фото/видео: Нұржас Жақсыбай
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ