Астанада өрттен көз жұмған қыздардың үлкенінің жазған хаты жұртты жылатты
Астанада өрт салдарынан көз жұмған қыздардың бірінің хаты желіде жарияланды. 13 жастағы қыздың Аяз атаға жазған хаты көпшілікті жылатты, деп жазады Stan.kz.
Хатты продюсер Артур Мағзомов Facebook желісінде жариялады. Айтуынша, хатты 13 жастағы қыз оқыған мектептен алған.
«Өткен түнде өрттен көз жұмған 5 балапанның үлкені Альбинаның аяз атаға жазған хаты. Мектептен алдық. Тап-тар жерді пана қылған балалардың отқа оранған кереуеттері ғана қалыпты. Альбина бір суретінде өзінің үйін салыпты. Өртенген үйдің де сиқы осындай, шатыры жоқ», – деп жазды ол.
13 жастағы қыз хатта өзін жыл бойы жақсы ұстағанын, ата-анасыны тілін алғанын жазған. Сонымен қатар ол Аяз атадан планшет сұрапты. Сіздің бар екеніңізге сенемін, деп жазған Альбина.
Еске сала кетсек, Астанада өрт салдарынан бір үйдің 5 баласы көз жұмды: 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары дүниеге келген. Олардың ең кішісі – небәрі 3 айлық. Түнде олар тірідей өртеніп кеткен кезде, ата-анасы жұмыста болған.
Жеті адамнан тұратын отбасы аумағы 30 шаршы метр болатын уақытша баспанада тұрып келіпті.