Астанада екі балабақша мен мектеп қызметкерлерінен туберкулез анықталды
Диагностикалық процедуралар жүргізілгеннен кейін, оған 25 қаңтарда «туберкулез» диагнозы қойылған.
Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов балабақша мен мектеп қызметкерлерінен туберкулездің анықталуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, елордадағы №33 балабақшада ағылшын тілі мұғалімінің туберкулезге шалдыққаны анықталған. Сонымен бірге, ол мұғалім №44 балабақшада да еңбек еткен. Ол жөтелуіне байланысты 19 қаңтар күні медициналық ұйымға жүгінген.
Диагностикалық процедуралар жүргізілгеннен кейін, оған 25 қаңтарда «туберкулез» диагнозы қойылған.
Сонымен бірге, №80 мектептің бастауыш сыныптарына ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімнің туберкулезге шалдыққаны белгілі болды.
Ол 22 қаңтардан бастап Астана қаласының туберкулезге қарсы диспансерінде ем алып жатыр.
«Аталған балабақшалар мен мектепте эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, соңғы дезинфекция жүргізіліп, байланыс шеңбері анықталды. Балалардың да науқастану мүмкіндігіне байланысты олар медициналық тексеруден өткізіліп, бақылауға алынды. Сонымен бірге, кезектен тыс тексеруден аталған балабақшалар мен мектеп қызметкерлері өтті», — дейді Сәдуақас Байғабылов.
Қазіргі уақытта Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті прокуратура органдары арқылы балабақшалар мен мектептерде кезектен тыс тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Олардың нәтижесімен санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша баға беріліп, білім беру ұйымдарының әкімшілігіне қатысты заң аясында шара қабылданады.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен мәлім еткендей, 2018 жылы балабақшаның 4 қызметкерінде және 8 мектепте туберкулез анықталды.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/