Астанада диқаншылыққа қатысты семинар өтті

0

Астана, BAQ.KZ. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Дәл егіншілік теориясының негіздері: теориядан тәжірибеге дейін» тақырыбында семинар өткізілді.

Шараға С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры А.Қ.Күрішбаев, «Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясы» ЖШС директоры Б.К.Канафин, ауылшаруашылық тауар өндірушілері және Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің арнайы өкілдері мен университет ғалымдары қатысты.

Ректор, Ақылбек Қажығұлұлы семинар барысында ауылшаруашылығы саласына дәл егіншілік жүйесін енгізу бүгінгі таңда аса үлкен өзекті мәселе екендігін айтты.

«Дәл егіншілік технологиясының міндеті – жер телімінің барлық аумағын ұтымды пайдануға ықпал етіп, тыңайтқыштарды себу кезінде көп шығынға жол бермей, өнімділікті көбейтуге зор мүмкіндік беріп отыр. Осы тұста университет ғалымдары мен облыс әкімдіктері бірлесіп жұмыс атқаруда», — деді ол.

Мамандар ГАЖ технологиясын қолдану және ауыл шаруашылығында жерді қашықтықтан зондтау туралы толық ақпаратты ұсынды.

Дәл егіншілік жүйесі бойынша топырақ құнарын мен өсімдіктің өнімділігін мақсатты түрде бақылау әдістерін, дәл егіншілік жүйесіндегі топырақты тыңайтқыштарды дифференциалдау, аурудың, арамшөптер мен зиянкестердің фитосанитариялық мониторингі туралы мағлұматтарды алға тартты.

Сонымен қоса ауылшаруашылық дақылдарының міндеттеріне арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мен ауыл шаруашылық өнімдерін ақпараттандыру және цифрландыру жағдайында экономикалық шешімдерді талдау және оңтайландыру процестері жайында сөз қозғады.

Сондай-ақ шараға қатысушылар мамандарға жерді тиімді пайдалану жолдары, жер құнарлылығын анықтау туралы сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Шара соңында шаруа қожалықтарының басшылары С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің базасында құрылған CLAAS және John Deere компанияларының дәл егіншілік орталықтары мен ГАЖ-технология орталығын аралап, өндірістік платформалардың тыныс-тіршілігімен танысты.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ