Астанада апелляциялық сот митингіден соң жазаланған анаға шыққан шешімді өзгертпеді

0
143

28 мамырда Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық сотында 1 мамырда астанада өткен митингіден соң айыппұлға кесілген белсенді Бибігүл Тұяқова мен жалғызілікті ана Кәмила Бағжанованың апелляциялық шағымы қаралды. Екі азаматтың аудандық сот шығарған шешімдер үстінен түсірген шағымын бір судья — Әсет Райымбаев қарады.

Әуелі 3 мамырда әкімшілік сот «құқық қорғау орган өкіліне бағынбады» және «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп, 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (101 000 теңге) көлемінде айыппұл салған Бибігүл Тұяқованың шағымы қаралды. Тұяқова судьяға сенімсіздік білдірді.

— Судья істі қарамай тұрып, аяқтауға асығып отыр. Оның бұл іске қатысты шешім шығарып та қойған, — деді белсенді.

Сенімсіздік білдірген соң Тұяқованың ісі кейінге қалды. Келесі сот отырысы қашан өтеті хабарланған жоқ.

Мұнан соң, 9.30 шамасында 4 мамырда «бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды» деп әкімшілік сот 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салған екі баласы бар жалғызілікті ана Кәмила Бағжанованың апелляциялық шағымы қаралды.

Судья Азаттық тілшісіне сот отырысын фото мен видеоға түсіруге тыйым салып, аудио жазуға ғана рұқсат берді.

Бағжанова «1 мамырда адамдардың жиналып тұрғанын көріп, балаларға жәрдемақыны беру жолдарын оңайлатуды сұрап айқайладым. Қала атын өзгертуға ақша табылады, балаларымызға неге ақша табылмайды?» деп айқайладым» деді. Бірақ прокурор жалғызілікті ананың апелляциялық шағымын қанағаттандырмауды сұрады.

Судья Райымбаев Кәмила Бағжанованың шағымын қанағаттандырған жоқ. Мұнан соң сот залында отырған белсенділер «Масқара! Масқара!» деп айқайлады.

Бағжанова Азаттық тілшісіне шешіммен келіспейтінін айтып, «Жұмыссызбын. [50 500 теңге] айыппұлды төлеуге ақшам да жоқ» деді.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев біздің президентім емес!», «Дариға [Назарбаева] спикерім емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда «елде тыйым салынған ұйымның лозунгін айтып, полицияға бағынбаған» 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпады. Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 30-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынды. Сот ұсталғандарға «рұқсат етілмеген митингіге қатысты» және «полицияға бағынбады» деген айып тақты.

Azattyq