Астана көшелерінде жалаңаш жүрген қыз өз әрекетін түсіндіріп берді — новости Казахстана
Кешелі бері әлеуметтік желілердегі пабликтерде Астананың аязында көшеде жартылай жалаңаш күйінде «серуендеп» жүрген бойжеткеннің видеосы елді шулатқан болатын. Қаланы жағажай киімімен кезіп жүрген бойжеткен өзінің бұл әрекетке неліктен барғанын түсіндіріп берді. NUR.KZ порталына болған жайт туралы өз пікірін білдірген ол өзінің журналист екенін және жай ғана әлеуметтік зерттеу жүргізгенін жеткізді.
Қақаған аязда қала ішінде купальникпен серуендеп, елді шулатқан бойжеткен отандық «Жетінші арнаның» журналисі Гоги Дәрібай болып шықты. Оның айтуынша, ел алдына жартылай жалаңаш күйінде шығуына әлеуметтік зерттеу жүргізуі себеп болған. Осы арқылы ол қазақстандық қоғамның мұндай «атышулы» әрі «айрықша» әрекеттерге деген көзқарасын зерттемек болған.
«Бұл «Жетінші арнадағы» бағдарламаға арнайы дайындалған сюжет болатын. Мен осы арқылы қазақстандықтардың мұндай әрекеттерге қалай қарайтынын және осындай «шулы жайттар» арқылы атыңды қалай шығаруға болатынын зерттеп көргім келді. Далада жағажай киімімен қырық минут бойы жүрдім. Өзіме көптеген ой түйдім деуге болады.
Бір түсінгенім, жаныма келіп, менің неліктен бұлай істеп жүргенімді сұраған жан болмады. Барлығы да телефондарын шығарып, түсіріп, қызықтаумен болды. Тек бір кісі ғана, «қызым, тоңасың-ау», — деп маған ой салмақ болды. Шынымды айтсам, осы зерттеу арқылы қоғамымыз жайлы көп нәрсені түсінген секілдімін. Қазір бұл видео әлеуметтік желілерге таралып кетті. Елдің бәрі талқылап, мені біреумен бәстесіп, жеңіліп қалған деген сынды пікірлер айтып жатыр. Міне, бізде осылай оп-оңай елді шулатып, ел талқысына, ел назарына түсуге болады екен.
Шүкір, әйтеуір, денсаулығыма зияны тиген жоқ», — дейді журналист.
Айта кету керек, бұл Гоги Дәрібайдың алғашқы «атышулы» әрекеті емес. Биыл мамыр айында ол украиналық «Орел и решка» бағдарламасы жариялаған кастингке қатысып, бағын сынап көрген болатын. Кастинге жолдаған видеода ол фонтанға секіріп, нәтижесінде қазақстандық журналистің ролигі қаралымы жөнінен ең үздік 20 роликтің қатарына енген.
Сіздің реакцияңыз
Спасибо за Ваше мнение
Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар