«Астана» биыл олжалы | «Айқын» газеті

0

«Астана» халықаралық қаржы орталығы – елімізде соңғы жылдары жүзеге асқан ең ірі жобалардың бірі. Қаржы орталығының тыныс-тіршілігі туралы орталықтың Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, профессор Шерубай Құрманбайұлының пікірін білген едік. 

– Шерубай мырза, «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының негізгі қызметі қандай?
– «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы – еліміздегі кейінгі жылдары жүзеге асырылған ең ірі жобалардың бірі. Шілде айында Мемлекет басшысының қаты­суымен қаржы орталығының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. «Астана» халық­аралық қаржы орталығы Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс, Батыс Қытай, Моң­ғолия мен Еуропаға арналған қаржылық хаб дәре­жесіне көтерілуді көздейді. Орта­лықтың басты мақсаты – жетекші ха­лықаралық қаржы орта­лығы ретінде Қа­зақстан экономикасына инвес­тициялар тартуға жәрдемдесу, еліміздің бағалы қа­ғаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қам­та­масыз ету. Қаржы орталығының не­гізгі ерек­ше­лігі ретінде оның әлемге әйгілі ағылшын жалпы құқығына негізделген арнайы құқықтық режим аясында жұмыс істейтінін айтуға болады.
– Қаржы орталығының халықаралық ұйым екенін білеміз, бұл жердегі тілдердің, әсіресе мемлекеттік тілдің қолданысы, ахуалы қалай?
– Орталық өз жұмысында «Астана» халық­аралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Консти­туциялық заңын бас­шылыққа алады. Бұл заң «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғының құрылымын, қызметінің ба­ғыттары мен жұмысының негізгі тәртібін айқын­дайды. Осы Конституциялық заңға сәйкес орталықтың ресми тілі – ағылшын тілі.
Конституциялық заңға сәйкес орта­лықтың аумағында есептік-статистикалық, қаржылық, техникалық және өзге де құжаттама ағылшын тілінде жүргізіледі. Заңда орталықтың актілері ағылшын тілінде әзірленіп, қабылданатыны, орталықтың аумағында жазбаша нысанда жасалатын барлық мәміле ағылшын тілінде жазылатыны көрсетілген. Со­нымен қатар осы заң бойынша орталықтың актілерін қазақ немесе орыс тіліне аударуға рұқсат етіледі.
– Ағылшын құқығы басшылыққа алынатын, жұмыс тілі ағылшын тілі саналатын Орталық – халықаралық ұйым болғанымен Қазақстанның астанасында тұр. Жұртшылықпен, мемлекеттік орган­дармен қарым-қатынас мемлекеттік тілде жүзеге аса ма?
– Әрине. Орталықтың іс жүргізу тілі дегенде мына бір маңызды жайтты ескеру керек. Орталық жабық, тұйық, қоғамнан оқшау тұрған ұйым емес. Біз өз қыз­ме­тіміздің түрлі бағыты бойынша Қазақ­станның орталық атқарушы органдарымен хат алмасамыз, Президенттің, Премьер-министрдің тапсырмаларын орындау үшін Президент Әкімшілігіне, Парламентке, Премьер-министр кеңсесіне түрлі есептік құжаттар, ақпараттар мен хаттар жол­даймыз. Аталған органдарға құжаттың барлығы мем­лекеттік тілде жолданады. Сондықтан «Астана» халықаралық қаржы орталығында мемлекеттік тілдің де өз рөлі мен қолданысы бар.
Жалпы, қаржы орталығы қызметкер­лерінің басым бөлігі – жас буын өкілдері. Осы жастар­дың көбі – шет елдерде білім алған, өте білікті мамандар. Араларында әлемнің бірнеше тілін еркін меңгерсе де, өз ана тілін жақсы білетін, мемлекетінің тілін айрықша құрметтейтін, күнделікті қызметте, жұмыс барысында қазақ тілін барынша қолданатын ұлттық намысы бар, патриот жастар аз емес. Соларды көргенде қуанамыз.
– Қаржы орталығында мемлекеттік тілдің қолданысын қамтамасыз ететін, жергілікті халықпен, жұртшылықпен бай­ланыс орнататын арнайы құрылым бар ма?
– Тікелей мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын құрылым болмағанымен, бірер маман, аудармашылар бармыз. Мем­лекеттік тілдегі құжат айналымына, мем­ле­кеттік тіл мәселесіне қатысты жоспар­ланған шараларға біз жауаптымыз. Ал жұртшылықпен байланыс орнататын арнайы құрылым негізінен БАҚ-тармен байланысқа жауапты.
– Мемлекеттік тілдің қолданысын қамтамасыз ету, оның өрісін кеңейту ба­ғытында қандай нақты жұмыстар атқа­рылып жатыр?
– Жалпы, Орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетовтің тарапынан АХҚО-да мемлекеттік тілдің қолданысына ерек­ше көңіл бөлініп, айрықша мән беріліп келеді. Оның тікелей бастамасымен орта­лық құрыла салысымен-ақ мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі комиссия құрыл­ған. Басқарушымыз өзі төрағалық ететін бұл комиссияның құрамына құжат ай­налымын жүргізу, жұртшылықпен байланыс, кадр ісіне тікелей қатысы бар лауазымды тұлғалар кірді.
Сондай-ақ бізде жыл сайын АХҚО-да мемлекеттік тілді дамыту бағытында атқа­рылатын жұмыстар белгіленетін іс-ша­ралар жоспары әзірленіп, басқарушының бұйрығымен бекітіледі. Мысалы, осы жос­парға сәйкес биыл Қазақстан халқы­ның тілдері күні мерекесіне орайласты­рылып, «Астана» халықаралық қаржы орталығын­дағы тілдер (қазақ, ағылшын, орыс) қол­данысы: бүгіні мен келешегі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Осы іс-шарада ор­талықтың құзырлы әрі жа­уапты қызмет­керлері сөз сөйлеп, қаржы ор­талығы жү­йесіндегі тілдер қолданы­сы­ның жай-күйі, ерекшеліктері мен ке­ле­шегі, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту сияқты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Осыдан бірнеше күн бұрын ғана атал­ған іс-шаралар жоспарында көзделген «Қаржы тілі: қолданысы мен терминдер жүйесін біріздендіру» атты семинар өткіздік. Арнайы шақырылған Парламент Сенаты, Назарбаев университеті, Қаржы министрлігінің жауапты қызмет атқарып отырған білікті мамандары мен біздің орталық қызметкерлерінің қатысуымен қаржы саласын­дағы мемлекеттік тілдің қолданысы, терминдерді аудару мен біріздендіру мәселелері талқыланады.
– Қаржы саласындағы қазақ тілінің қол­данысын қалыптастыруға, қаржы тілі мен оның ұлттық терминологиясын ор­нық­тыруға арналған сапалы әдебиеттер тап­шылығы жиі айтылады. Осы мәселені ше­шуге атсалысатын мүмкін­діктеріңіз бар ма?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­да әлемнің үздік оқу құралдарын қазақ тіліне ауда­ру бойынша «Жаңа гу­ма­нитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жа­ңа оқулық» атты ауқымды да жақ­сы жоба қолға алынғанын көпшілік жақсы бі­ле­ді. Былтыр жиырмаға тарта оқулық жарық кө­ріп үлгерді. Биыл олардың қатары тағы толыға түседі.
Қаржы орталығының Басқарушысы да осы бастамаға атсалысып, оның тікелей қолдауымен қаржы, экономика саласына қатысты әлемнің біраз бестселлері қазақ тіліне аударылды. Бұл жұмыстардың «100 жаңа оқулық» жобасынан тыс атқарыл­ғанын айтып өткен жөн шығар. Аударылған еңбектер қатарында америкалық эконо­мист, жазушы, әйгілі Пулитцер жүлдесінің иегері Дэниел Ергиннің «Қазына», Ресей мен Еуразия жөніндегі американдық са­рапшы Фредерик Старрдың «Ағарту­шы­лықтың жоғалған дәуірі: Орталық Азия­ның араб басқыншылығынан Ақсақ Темір кезеңіне дейінгі алтын ғасыры» атты кі­табы, Еуразия мен Ресей орталығының директоры, Джорджтаун университетінің профессоры, саясат және экономика салаларының белгілі сарапшы-маманы Анджела Стенттің «Америка мен Ресей неге бірін-бірі естімейді?» кітабы, АҚШ-тың белгілі журналисі және саясат­та­ну­шысы Фредерик Кемптің «Берлин 1961: Кеннеди, Хрущев және әлемдегі ең қауіпті жер» атты әлемдік бестселлерін қазақ тіліне аударып, олардың авторларын қа­тыстыра отырып бұл еңбектерді жұрт­шы­лыққа таныстырдық. Жуырда ғана М.Ло­моносов атындағы Мәскеу мемле­кеттік университетінің профессорлары, эконо­мистер О.Буклемишев пен Ю.Даниловтың «Қаржылық реттеудің институттық құры­лымының заманауи үдерістері» атты мо­нографиясы қазақ тіліне аударылды. Осы бағыттағы жұмыстарды алда да жалғас­тырамыз.
Орталықтың ресми тілі ағылшын тілі болса да, мемлекеттік тілді қолдану, дамы­ту біз үшін қашанда басым бағыттардың бірі болып қалмақ. Қазір орталық құ­рылғалы бергі бір-екі жыл ішінде атқа­рылған жұмыстар жөнінде ғана сөз етіп отырмыз. Біздің орталықтың ұлғайып, өсе түсуіне байланысты бастаған істеріміз жалғасын табумен бірге жұртшылықпен байланыс, мемле­кеттік тілді дамыту жұмыстарының ауқымы әлі де кеңейе түседі деген үміттеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүл БЕКЗАТ

Дереккөз: Айқын