Асқар Мамин ақпараттық жүйесі дұрыс істемейтін мемлекеттік органдарды атады
Қысқа сілтеме алу
Премьер-министр Маминнің айтуынша, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен ақау жиі шығып тұрады
НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік органды бірыңғай электронды платформаға көшіруді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер-министрдің айтуынша, жыл соңына дейін халық мемлекеттік қызметтердің 80 процентін интернет арқылы пайданала алады. Ал келесі жылдың аяғында осы көрсеткішті 90 процентке дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар бұдан былай жеке куәлікті өзімен бірге алып жүрмесе де болады
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 28-ші орынға шығуы керек. Сондай жоспарымыз бар. Бүгінгі таңда біз 39-шы орындамыз. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаның салалық индикаторларына қол жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдау қажет», — деді Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында.
Үкімет басшысы халықтың мобильді интернетті кеңінен қолданып жүргенін де ерекше атап өтті. Осы ретте мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы пайдалану қызметтеріне сұраныс артып келеді. Бірақ мобильді қосымша негізінде қолдануға болатын мемлекеттік қызметтердің саны 4 проценттен аспайды.
«Сондықтан тұрғындар үшін мобильді құрылғылар арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтердің тізбесін кеңейтуді тездету керек», — деп атап көрсетті Мамин.
Премьер-министр тағы бір маңызды маңызды мәселені көтерді. Оның айтуынша, электронды үкімет порталында мемлекеттік қызметтер тұрақты ұсынылмайды. Себебі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен ақаулар шығып жатады.
«Биыл мемлекеттік органдар жүйелердің істен шығуына шамамен 130 рет жол берген. Бұған азаматтар тарапынан негізгі сын айтылды. Ондай жағдайлардың басым бөлігі ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне, құқықтық статистика комитетіне келеді», — дейді Мамин.
Осы орайда үкімет басшысы жыл соңына дейін барлық орталық мемлекеттік органға бірыңғай электронды платформаға көшуге тапсырма берді.
sputniknews.kz