әскери бөлімді көшіру жұмыстары басталды
Әскери қоймадағы оқ-дәрілер басқа жерде сақталады
НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев Арыстағы жарылыстан соң жиналған оқ-дәрілер арнайы полигонда жойылып жатқанын мәлімдеп, тұрғындарды қатты дыбыстан қорықпауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жарылыс болған аумақта қорғаныс министрлігінен басқа 42 топ жұмыс істеп жатыр. Олар табылған оқ-дәрілер мен миналарды залалсыздандыруда. Сонымен қатар әскери қызметкерлер қала мен оған жақын елді мекендерді, әскери қойманы оқ-дәрілерден тазартуда.
Тағы оқыңыз: Ішкі істер вице-министрі Арыста 20 миллион теңгенің мал-мүлкі ұрланғанын мәлімдеді
Тұрғындар тауып алған оқ-дәрілер мен снарядтар да басты назарда. Мамандардың пікірінше, бұл табылған заттар адам өміріне қауіпті болуы мүмкін.
«Қазіргі таңда оқ-дәрілердің қалдықтарын жою жұмыстары басталды. Қарулы күштердің инженерлік әскерлері бұл жұмысты сағат таңғы 9-дан кешкі 18-дейін жүргізуде. Ережеге сәйкес, тасымалдауға келмейтін оқ-дәрілердің қалдықтары әскери қойманың аумағында жойылады. Ал қалғаны Арыс қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан арнайы жабдықталған полигонда ережеге сәйкес жойылады. Осыған дейін мұнда оқ-дәрілер утилизацияланған болатын», — деді Тимур Дәндібаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осы орайда қорғаныс министрінің орынбасары Арыс қаласындағы әскери бөлімді көшіру жұмыстары басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда әскери нысандағы қару-жарақтар мен инженерлік оқ-дәрілер басқа жерге көшіріліп жатыр.
«Қаланы оқ-дәрілерден тазарту, оның қалдықтарын жою, әскери бөлімді көшіру жұмысы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың жеке бақылауында. Бүгін ол Арыста жүр», — деді Дәндібаев.
Осыған дейін ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаев Арыстағы оқ-дәрілерді басқа жерге көшіру үшін миллиард теңге қажет екенін айтқан.
Әскерлер жарылмаған оқ-дәрілерді әлі күнге дейін ұшқышсыз басқарылатын аппараттармен іздеп жатыр. Егер ондай деректер анықталса, тиісті ақпарат жедел штабқа жіберіледі.
«Мобильді инженерлік-саперлер бекеттері ұйымдастырылды. Тұрғындар оқ-дәрілердің қалдықтарын анықтаған жағдайда осы бекеттерге хабар бере алады», — дейді қорғаныс министрінің орынбасары.
Сондай-ақ қазіргі таңда Арыс тұрғындарымен әскери психологтар жұмыс істеуде.
Арыстағы жарылыс
24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала маңындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.
Жергілікті тұрғындардың үрейі ұшып, үйлерін тастап қашты. Содан кейін халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.
Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапқан: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.
Арыстағы жарылысқа қатысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
sputniknews.kz