Арыстағы қару-жарақ қауіпсіз ауданға көшіріледі

0

Бүгін, 4 шілдеде Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы әскери қоймадағы «қару-жарақтың көшіріле бастағанын» айтты. Бірақ оқ-дәрілердің нақты қайда жеткізілетіні туралы сұраққа да, көшірудің қашан аяқталатыны сауалға да жауап бермеді.

«[Арыстағы қару-жарақты көшіруге] қанша уақыт кетерін нақты айту қиын» деді Ермекбаев. Оның сөзінше, оқ-дәрілер «ендігі полигон мен қоймалар тұрған, елдімекендерден алыс жатқан қауіпсіз аудандарға» көшіріледі.

Министр «қарудың қайда көшірілетіні — құпия ақпарат» дейді.

Сондай-ақ Ермекбаев тұрғындардың әлі күнге дейін Арыстан қару-жарақ тауып алып жатқаны көрінетін суреттер мен видеолар туралы пікір білдірмеді.

Бұған дейін қорғаныс министрлігі көшіруге келмейтін қару-жарақтың Арыс ішінде жойылатынын айтып, тұрғындарға «жарылыс дауыстары естілуі мүмкін» деген.

3 шілдеде министр Ермекбаев совет кезінен бері сақтаулы тұрған қару-жарақты көшіруге «бірнеше миллиард теңге» қажет болатынын айтқан.

24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген. Төтенше жағдай комитетінің мәліметінше, Арыстағы үйлердің 85 пайызы бүлінген. 28 маусымда Шымкент пен көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.

Қазақстан үкіметінің соңғы жариялаған дерегіне қарағанда, Арысты қалыпқа келтіруге 34,5 миллиард теңге (шамамен 90,7 миллион доллар) қажет. Оның 19 миллиард теңгесі 7 709 үйді жөндеуге бөлінбек.

Azattyq