Әскери бөлім қоймасының 90 пайызы жойылды

0

Арыстағы халық өміріне қауіп төндірген қойманың 90%-і жойылды. ҚР қорғаныс вице-министрі Бақыт Құрманбаев Арыс қаласында әскери бөлімде орын алған жарылысқа қатысты Түркістан облысында өткен брифингте осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі.

сарбаз

Ведомство өкілінің айтуынша, әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан қоймадағы оқ-дәрінің 90%-інің көзі жойылған. Олардың қатарында қауіпті деп танылатын зымырандар да бар. Бақыт Құрманбаев оқ-дәрінің ол түрі абырой болғанда өрт кезінде көкке ұшпағанын, аса қауіптілік әкелмегенін атап өтті.

«Қоймада артиллериялықтан бастап атуға арналған оқ-дәрілерге дейін сақталған. Жарылыс кезінде осы екі түрінің көбі жойылды. Қазір келетін қауіп жоқ. Ауада ұшқышсыз үш аппарат ұшырылып, өрт ошақтарын бақылауда. Бүгінгі күні 3 от орны анықталды.  Десек те ірі жарылыс орын алмады.

Тұрақты қауіпті жағдай сақталуда. Қалада және іргелес аумақта радиациялық көрініс қалыпты жағдайда. Саперлер үздіксіз жұмыс жүргізуде. Бүгіннің өзінде олар 16 көшеден 70 жарылмаған снарядтарды жинап терді. Олардың барлығы қаладан шығарылып, утилизацияға жөнелтіліп жатыр. Жарылыс болатындай жағдай жоқ», — деді вице-министр. 

Брифинг кезінде Бақыт Құрманбаев 150-ге жуық сапер қала көшелерінде, теміржол бойында және әскери бөлімге іргелес аумақта тазалауды жүзеге асырып жатқанын айтты. Ал қарулы күштердің өзге қызметкерлері жеке құрамды барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуге және қала мен әскери қалашықтың аумағын қоршауға қатысуда.

1-2 күнде саперлер қала көшелерін тазалау жұмыстарын толықтай жүзеге асырады. Содан соң темір жол қатынасы тұрақтанады, кейін тұрғындардың өз үйлері оралуына рұқсат беріледі.

«Төтенше жағдайдың орын алуына кімдер кінәлі?» деген сауалған министр орынбасары оны тергеу жұмыстары аяқталған соң белгілі болатынын мәлімдеді. Одан өзге ведомство өкілі ел арасында тарап кеткен «жарылыс ұрлықты жасыру үшін қолдан жасалынды» деген әңгімеге нүкте қойды.

«Ол мүмкін емес. Себебі әскери бөлім, соның ішінде қойма қатаң бақылауда. Тек біздің бақылауда емес, түрді құзырлы органдардың жіті назарында болып келген. Жарылыс әдейі жасалынды деген шындыққа келмейді» деп атап өтті ол.

Айтпақшы, жарылыс кезінде көптеген тұрғындар шығынға батты. Снарядтар бірінің үйінің күл-талқанын шығарса, енді бірінің сауда орындары мен бизнестерінің дымын қалдырмады. Шығынға батқан тұрғындар өтемақысыз қалмайды. Оның көлемін арнайы комиссия анықтайтын болады.

Соңғы он жылда бірнеше рет жарылыс орын алған Арыс қаласының алдағы тағдыры не болмақ? Әскери бөлім өзге жаққа көшіріле ме, әлде қала ма? Вице-министрдің айтуынша, ол арнайы комиссия шешімінен соң белгілі болады.

stan.kz