Шымкентте белгісіз біреулер Vlast тілшілеріне шабуыл жасаған

0

25 маусымда Арыстан эвакуацияланған тұрғындар жайлы Шымкенттегі мешіттен видеорепортаж түсіріп жүрген Vlast тілшілері Қанат Бейсекеев пен Әділет Әбішке белгісіз біреулер шабуыл жасаған. Бұл ақпаратты Vlast.kz сайты хабарлады. Соның салдарынан журналистердің техникасы бүлінген.

Сайттың жазуынша, оқиғаға полиция араласып, журналистерді Абай аудандық ішкі істер бөлімшесіне апарған. Олардан оқиға жайлы сұрастырған соң бір сағаттан соң босатқан. Журналистерге кімнің шабуыл жасағаны айтылмайды.

24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс қаласы маңында орналасқан артиллериялық снарядтар сақтаулы тұрған қоймада, ресми дерек бойынша, өрт шығып, әскери оқ-дәрілер жарылған.

Арыстағы жарылыстан кейін барлығы 165 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Олардың 89-ы ауруханада жатыр. Тоғыз адамның жағдайы ауыр. Дәрігерлер 76 адамға алғашқы көмек көрсетіп, жіберген. Бұл туралы 25 маусымда Нұр-Сұлтанда үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Жарылыстан кейін шамамен 35 мың адам өз беттерімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Кейбірі Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен.

Түркістан облысы әкімдігі жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады. 25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрлігі «қауіптің әлі сейілмегенін, жарылыс болған кейбір жерлердің әлі бықсып жатқанын» хабарлады.

Azattyq