Әскерге бару үшін: 14 келіге арықтап, көру қабілетін жақсартқан жігіт жұртты сүйсіндірді

0

Башқұртстандық Азамат Шакиров әскерге қабылдану үшін 14 кг салмақ тастап, көру қабілетінің жұмысын жақсартты, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Көктемгі шақырту кезінде 25 жастағы жігіт медициналық тексеруден өтпей қалған. Осы жағдайдан кейін ол өзін қолға алып, артық салмақ тастау туралы шешім қабылдайды.

«Ертесінде көру қабілетімді дұрыстау үшін дәрігерлерге жүгіндім. Жаттықтырушымен фитнеске баруға ақшам болмады. Алайда бір адам мұны әскерге бару үшін жасап жатқанымды біліп, маған тегін көмектесуге ұсыныс жасады. Ол жаттықтырып қана қоймай, дұрыс тамақтануымды да қадағалады. Осылайша 14 кг салмақ тастадым. Қазір салмағым 118 кг болды», — деді Азамат Шакиров.

Департамент мәліметінше, күзде ол медициналық тексеруден сәтті өткен. Қазір Ресей Қарулы Күштерінің қатарында борышын өтеп жатыр.