Ашынған адам Алласын да тыңдамас…
Мен. Тілшілер телефон шалып, есігімді қаға бермеуші еді. Сенің жасың немереммен қарайлас екен, сіз деп мәймеңкелемей-ақ қояйын. Атым Секен дедің бе? Е-е, Секен шырақ, сен тіпті телефон соқпастан, есігімді де қақпай ашып, кіріп келгеніңе қарағанда, Әмірболат дейтін өзгемен онша санаспас журналшылардың қатарынан емеспісің?
Секен (тілші). Жо-жоқ Софы ата… Сәке. Редакторымның сізді ақиқаттан айнымайтын абыз ақсақал деуімен сізбен сұхбаттасуға өзімді өзім көндіргем… Сіздің парақшаңызды ашып қарап, әділдіктен ауытқымауыңызға көзім жетті.
– Жә, жарайды, балам. Тым көпірте бермей, сауалдарыңа көш. Құлағым сенде.
– Мынау «қаңтар қырғыны» дегенге қалай қарайсыз? «Зиялылар зиянды тобырға айналып, шерушілердің алдына шығып, аталы сөз айту түгіл шерушілерді лаңкес дейтін биліктегілерге қосылатын тәрізді. Ал билік болса ереуілшілерден торрористер жасамақ болып жанталасып жатыр. Оқ құшып жаралы болған жазықсыз жандарды үйлерінен сүйретіп әкетіп, ұрып-соғып өз дегендерін айтқызуға барын салып жатқан полицияға барлық мүмкіндікті беріп қойды. Ол ол ма, қабірлерді қопарып, мәйіттерді қазып алып жатқандарына да зиялыларымыз тырс етіп, ләм демейді» дейтін әлемжелідегі өкпелілерге қарсы айтарыңыз бар ма?
– Е-е, шырағым, «зиялылар – зияндылар!» деп кезінде өзім айтушы едім. Ал бүгін аузына құлып салғын зиялысың деп таяқтың бір ұшын өзіме тигізіп отырсың-ау.
Сонау отыз бес жыл бұрынғы желтоқсан оқиғасы кезінде 17 һәм 18 желтоқсанда мен алаңда, жастар арасында жүргенмін. Біле білсең, Алаш жұрты үшін желтоқсан айы – әрі қасіретті, әрі қасиетті ай. 1986 жылдың 16-18 күндері – қара мұжықтың табанында қара жерге тапталған ұлттық намысымызды жалындаған жүрегінің жалауымен жап-жас ұл-қыздарымыздың көкке көтерген қасиетті мезеті екенін көңліммен сеніп, көзіммен көргенмін сонда. Сол кездегі кеңестік республикаларды күрт оятып, тәуелсіздік таңын атқызуға деген барша ұлттың талпынысын тірілтіп жеткен сергек серпілісті бастап беріп еді-ау жастарымыз. Сол сілкіністің дүмпуі СССР дейтін кеңес одағын ыдыратып тынғын-ды.
Сонымен қасіреттің қасиетке айналуы – желтоқсандықтардың төгілген ыстық қанымен, сөгілген қайсар жанының арқасы еді-ау.
Тәуелсіздікті алған болдық. Бірақ… Елдің шын мәніндегі егемендігін, табанды тәуелсіздігін аңсағандардың бірі болып он жыл шамасында Абай ескерткішінің жанында өтетін митингілерге қатысудан жаңылған жоқпын. Өзім де сөйлеп, өзгелерді де естіп жүруші едім…
Ал мынау қаңтар оқиғасы кезінде сексеннен асқан денемді селкілдете берген кеселдерім төсекке алып ұрып, тұрып кету, жүріп кетуден қалдырғандай болған соң, шерушілермен бірге алаңға шыға алмағаныма өкініш жұтам.
Тірлігіміздің түрі де, тырбану ауымыздың дүрі де – марғаулық, бойкүйездік, бейқамдыққа айналып кетті-ау деп іштей күңіреніп жүргенімде анау Бауыржан Момышұлы даңғылында иін тірескен он мыңдаған қазағымды, халқымды көргенімде: « Е-е, бар екенбіз ғой!» деп дүрілдеген жүрегіммен дүр сілкінгем-ді.
Сонан соң… Төрдегі төбедей төңкерілген төрелер интернетті жауып тастап, «Хабар 24» дейтін каналынан өтірік-шыны аралас көріністерді қайталап бере берді ғой.
– Кейін интернет ашылған соң кімнің кімді қарақтайтынын сездіңіз ғой?
– Сездім деп те, сезбедім деп те түйіп түсуден аулақпын. Бірақ ішімізде отырып сырттың сөзін сөйлеп, сойылын соғатын содырларды аңғарғаным рас.
«20 мың шеттен енген террористер Алматыны жаулап алып, қалалық әкімдікті, «Қазақстан» телеканалын басқа да нысандарды қиратып бұзып, өртеп жіберді. Супермаркеттердің есік-терезесін бұзып кіріп, тонап, талап жатқан ланкестер мен мародёрлерге полициямыздың шамасы жетпейтін болған соң ОДКБ-ның көмегіне зәру болдық» деген хабарларға кәдімгідей сеніп те қалдық қой, балам-ау.
«Апырау, 20-30 мың террорист-лаңкестерді есік-терезесі шегенделмеген шекарамыздан өткізіп жіберсек, соншама бүлікшіні қалай сезбей, білмей, көрмей қалғанбыз. Сонау шекара сызығынан мынау Алматы, Талдықорған, Таразға жету үшін қаншама көлік керек екен? Ал ол көліктерді қалай қалдағалай алмағанбыз?» деген ойлармен дөңбекшудің соңында мынандай пікірге тірелдім. Қызығы кеткен елді бағатындардың қисыны кеткен сөзді бықсытып жағатындардың көбейетіні ақиқат. Ішіңді іреп сөйлейтіндердің нені көксеп, неге жетем дейтіндерін сезбес ақымақ емеспіз ғой. Алматыдағы бейбіт шеруге шыққан 20 мың адамның шетінен террорист болмағанын білем. Рас, олардың арасында арандатушылардың барын… анау Мәсімов, Самат, Қайраттардың дайындады-ау деген әлде 400 әлде 500 сақалды-сақалсыз салафиттерінің басбұзарлыққа басып, полиция бөлімшелеріне, қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасап, іріткі, ылаң салғанына көзім жеткендей. Ауыл-ауылдан келіп қала тірлігінің жабық қабағына кездесіп, үйсіз-күйсіз, аш-арық күй кешіп әбден ашынған жастарын үркітіп-қорқытып қастарына ертіп алған олар әкімдікті, резиденцияны, телеканал ғимараттарын қиратып, қаусатып, өртеп супермаркеттер мен дүкендерді тоз-тоз ғып тонаған болатын. Сырттан келген гастарбайтерлердің бүлігі деу – бос сөз.
– Шерушілердің көбісі бейбіт халық демексіз ғой. Сонда олар ешқандай да террорист болмаған ба?
– Алматыдағы шеруге шыққандардың полициямен қақтығысын ақтағым бар да, даттағым жоқ. Өйткені жүрек қалауымен емес, билік талабымен алаңдағы бейбіт шеруші қалың қазаққа резинка оғын атып, ула газын сеуіп, өкпесін өшіріп, тынысын тарылтқан полицейлердің қасақы қылығы қарсы атылар қазақы қайсарлықты тұтатып-ақ жіберген ғой. Көзі ызадан қызарып, көкірегі кекке толған қараша халықтың буырқанған қажырлы намысы қайтіп атылмасын. Атылған ғой, әріне.
– Анау әкімдікті, президент резиденциясын қиратып, бүлдіріп, өртеген де солар ма?
– Қарағым-ау, шерудегі бейбіт елге өз талаптарын айтқызбастан көнбіс халқын әдеттегідей тулақтай ғып қағып-сілке бергіш полицияның күш көрсетіп, гүрзісін сілтеп лап қоюына бұрынғыдай тым-тырақай қаша жөнелмей ашынған жұрттың құр қолмен болса да тоғанын бұзған толқындай қарсы ұмтылғанына қаным қыза қосыла кететінімді анық сезем-ау. Ал анау қирату, өртеу – арандатушыларға ілескен тобырдың әрекеті ғана.
– Президент Тоқаевтың: «Алматыда 20 мың басқа қалаларда жүздеген, мыңдаған террористер әкімдіктер мен маңызды нысандарды қиратып, дүкендерді тонап жатыр!» деп путиндік ОДКБ-ның әскерилерін шақыртып, «Ескертусіз оқ атуға бұйырамын!» деп өз қазағына өзі қарсы шыққанына не дейсіз?
– Ал сол Тоқаевқа «Сырттан һәм іштен ондаған мың террорист бүліншілік жасап, жолындағысын қырып-жойып, Биліктің аяғын аспаннан келтіріп, мемлекетке төңкеріс жасамақшы!» дегенді жеткізген кімдер. Әрине оның төңірегіндегілер. Осы қауесет хабарға сеніп қалған Қасымжомарт далбасалап Путиннен көмек сұрауға мәжбұр болған-ау дейді бір ойым. Ал бүлік басы Путинге керегі де дірілдеген қолдың жалынышты созылуы ғой. Сексені селкілдеткен Назарбаевты итеріп тастап, өзіне өңешін созған Тоқаевқа ыңғай білдіріп, бүгінгі Қазақстаннан Беллоруссиядай етіп ертеңгі Қазақстанды иегінің астына қондыра қоюға ынтықпас па. Ынтығады ол шіркінің. Бірақ тәуелсіздікті таңдап, азаттықты аңсаған бүгінгі өр қазақтың, ер қазақтың бұрынғы көнбіс, сенгіш қазақ емесін ол империашыл Путинің қайдан білсін. Осылай айтқызатын менің сенімім – тұншықтырған түн қойнынан тыпырлай тіріліп таңға ұмтылған қазіргі өзгерген халқымның қайсар өжеттігі. Адам түгіл Аллаға сенбейтін полицияның басасау қылығы баршаның тілегін ғана емес, ашынған ұлттың бас көтере тыпырлаған тірлігін де өшірмек болып, жараланған, мүгедек боп қалған жастарды үйінен сүйреп, ауруханалардан тиеп әкетіп зорлық-зомбылыққа жеткізуі ˗ төрлегілерге қарсы төмендегілердің ашу-ызасын қоздырмай қоймас.
«Лаңкестік жасады, бүлік шығарды. Жүздеген нысандарды қиратты. Полиция бөлімшелерінің шаңырағын ортасына түсірді! » деп өздерінің қылмысын өзгеге жауып, «сырттан ұшып келіп, Алматы аэропортынан қайтадан ұшып кетті» деп қиялындағы террористерді қыршын қырандардан іздеуді әлі күнге дейін жалғастыруда. Түрмедегі жастардың ғұмырын шыбын өлтіргендей де шіміркенбестен қиып тастап жатқан жендеттердің озбырлығына, осылай өрши берсе, омыраулап ұмтылатын қандастарымыздың қан шеңгелдер қарсылығын ұмытпаған жөн.
– Кейбіреулердің кешегі айбынды елбасы, бүгінгі бишара зейнеткер Назарбаевты жерден алып, жерге салып жатқаны жөнінде не айтасыз?
– Халықтың «Шал кет!» деген қарғыс-наласы бес-алты жыл бұрын көкке шапшыған. Отыз жыл бойы елбасының өз халқына жасаған кінә-күнәсі, қасірет-қайғысы, зорлық-зобалаңы осы екі сөзге сыйып кеткен. Уәдесімен байытып, өтірігімен өн-бойыңды он орап алып, баршамызды «жұмаққа енгізіп, ұшпаққа» шығарып келгеніне сеніп те, сенбей де келдік қой.
Өз басымнан бір дәлел.
2011 жылдың 19 қаңтары. Ауруханада жатқам. Елбасының жандайшаптары қоярда-қоймай шақыртып алды. Назарбаев екеуміздің арамызда жер туралы, тіл туралы, жазушыларға берілмей жүрген қаламақы жөнінде біраз әңгіме айтылды. Сөздің соңында елбасы маған көпшік қойды.
– Сәке, сізді бір «Елім-айыңыз» үшін еліміз төбесіне көтереді. Алла қаласа, осы биылғы 70-жылдығыңызда Еңбек Ері атанасыз. Соған қоса Ұлттық академияның толық мүшесі боласыз.
– Рахмет, Нұреке. Тек бір өкініштісі – сіз Ұлттық академияның биік дәрежесін құлдыратып, қазіргі қаптап кеткен академиялардың қатарына түсірдіңіз. Мен сол самсаған академиялардың үшеуінің мүшесімін. Төртіншісінің маған қажеті де шамалау, — дегенмін.
Елбасы уәдесі уәде күйінде қалған-ды.
Ал асарын асап, жасарын жасаған мүсәпір шалды жер-жебіріне жете қарғап-сілегеннен ештеңе өнбейді. Анау «Елбасы» деген атақтан айырып, Коституциядағы өзіне, отбасына берілген «тиіспеу» дегендерді алып тастау керек. Сонда отыз жыл бойы ұрлаған бар байлығы халықтың еншісіне тиер еді. «Алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш» дейтін кеңетек халықпыз. Анау Муамар Хаддафи, Николас Чаушеску тәрізді жазаға тартудың қажеті де жоқ. Қарапайым зейнеткердің жабуын жамылып, өлместің күнін көріп, жүре берсін.
– «Орысқұл», «уәдешіл» Тоқаев деп жүргендерге қосыласыз ба?
– Халықтың қаңды жерін қаситын ғаламат құдирет – ана тілі ғой. Қазақтың сол ана тілін әлі де болса босағадан сығалатып қойғанына көңілім көншімейді. Бірақ кош жүре түзеледі десек, тіліміздің төрде шіренуіне орыс тілді президент қана емес, баршамыз түгел атсалысуымыз керек. Буылған тіліңнің, суынған діліңнің, құылған дініңнің орыс тілділердің тұзақ-бұғауында тұншығып бара жатқанына селт етпестен «Алланың бір жазғаны болар!» дейтін енжарлығын сілекейімен бірге шұбата салатын халден ажырадық деп білем. Ендігі оянған қазақ тілі үшін төріңді де турап тастайды.
Бұрынғыша өзгермеген үкіметпен, табыстың 55 пайызын жамбасына басып отырған 162 адамнан аударып ала алмасақ, «Нұротанның» тізгініне сүмірейе ілесіп кете барсақ, Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанын» орнатуға сенім аздау сияқты.
Бірақ карт-бланш дегенді ескеріп, екі жарым жыл өткенде қолына енді ғана жеке билік тиген президентке ойға алған істерін ойдағыдай етіп орындауы үшін біршама уақыт беруді де естен шығармайық.
– Сәке, «қаңтар оқиғасы кезінде шерушілердің алдына шығып, аталық сөз айтпады. Әкімдік мансабынан айрылсын!» деп Б.Сапарбаев, Б.Сағынтаев, Қ.Бозымбаевтарды көзге түрткі қылып жатқандар біраз. Бақытжан Сағынтаевтың үстінен 7 мың адам қол қойған петиция бар екен. Осы пікірлерге қосыласыз ба?
– Дүниеде ой салып табар: «тазалық бар-ау!» демес мәңгүрттігі, бой салып табар: «адалдық бар-ау!» демес тасырлығы мол жандардың көбейіп бара жатқанына қалай зығырданың қайнамас.
Қарағым-ау, анау әкімдік алдындағы алаңға әлде полиция арасындағы арандатушылардың, әлде ОДБК-ның ескертусіз оқ боратып жатқандарының ажал сепкен автоматтарының оқпанына кеуденді неге тоспадың деп Сағынтаевқа өкпе айтқыштардың шала бүлінетініне таңым бар. Бұршақтай жауған оқтың астына Назарбаевың да, Тоқаевың да бармас еді ғой. Қол қойыпты деген 7 мыңыңның жетпісі демейін, тіпті жетеуі-ақ: «үзіліп бара жатқан үмітімді ақтайық, сөніп бара жатқан сенімімді сақтайық» деп оқ боранына жұлқынып шыға қоярына күмәнім мол. Бұлардікі: «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шаптың» кері. Әйтпесе Сағынтаевтың Алматы қаласына жасап жатқан жақсылықтарын көрер еді-ау.
А.Есімов пен Б.Байбек тұсында өзім тұратын «Горный Гигант» ықшам ауданының қаңылтырмен қоршалған «свалкаға» айналғанын, түн баласында әр жерден бір сығыраңдаған жарығымен қараңғылықтың құрсауына бөленгенін неге айғақтамаймыз. Бақытжан Сағынтаев Алматының бағына келген нағыз әкім. Менің пайымым осы. Өзгенің жақсылығын көрмей, өздерінің ойындағы жаманшылықты біреуге үйіп-төгіп құя салып, бірінің бірі өңешін қия салатындарың өршеленуінен құдайым сақтасын.
– Өткенде мемхатшы Ерлан Қарин келіп, зиялылармен кездесу өткізгенде, сізді жазушылар арасынан көре алмадық. Неге?
– Мен бір бөлек, жазушылар одағы өзінше бөлек. 1995 жылы Одақ бастығы Н.Оразалин менің билікке наразылығымды өзінше ескеріп, мені жазушылар тізімінен сызып тастаған-ды. Сол әдетті Ұлықбек Есдәулетов жалғастырып, Сматаевты ешбір жиналыс-мәжілістеріне жолатпайды.
Екі-үш жыл бұрын өткен бір кездесуге бұрынғы мемхатшы Қырымбек Көшербаев өзі шақыртып алған.
Ал мынау Е.Қарин дейтін азамат Думан Рамазанды өзі іздеп барып, оңаша кездессе, оған қаламгер С.Сматаевтың бар-жоғы мүлде қажет емес тәрізді…
– Төріңізде үйіліп-төгіліп жатқан мына кітаптарыңызды қазағыңызға, халқыңызға жарты бағасына сатып жатқаныңызды білем. Өтуі аздау тәрізді шамасы.
– Иә… 13(он үш) миллион қазағымның 8 (сегіз) миллионы қазақша ойлап, қазақша түс көретіні рас болса, барлық топтамамды 5 (бес) жүз қазақ талап, таратып-ақ жетер деп дәмеленгенім рас. Бір жылдан бері небәрі 57 (елу жеті) комплектісі ғана өтіпті. Парақшамда аламыз деушілер көп те, қол ұшын созушылар жоқ. Парламент пен үкіметті немқұрайдылық жайлаған кезеңде әдебиеттің мүшкіл халі мен әдебиетшінің міскіндігін айқайлап айтып та, ешкімнің құлағына ендіре алмайсың. Басшыларыңның орындалмас уәдесі, әкімдеріңнің берілмейтін көмегі, үкіметтің жоғалтып жіберген қаламақы жүйесі жүйкеңді жұқартқаннан басқа ештеңе әкелмейді.
Ал мен Мағираш-Мағираш, Фатима Жүнісова, Аманкүл Пішенбаева, Гүлнар Рахимжан дейтін ақын қарындастарыма топтамаларымды тегін берем десем де, сол шіркіндер есігімді тықырлатып төбе көрсету тұрмақ, парақшамама да жоламайды. Оны-мұныны шатпақтап 25 том құрастырған Сматаевтан олардың ақындығы әлдеқайда артық та шығар мүмкін.
Ұлан Иманғали деген інім: «Достарымды ұйымдастырып, сіздің 10 (он) топтамаңызды алам!» деген жақсы лебізін күтумен жүрмін. Алғазы Жаубай бауырым 5 (бес) комплекті, Баян Елемес қарындасым 3(үш) топтама алмақшы. Алып жатса, алғысымнан басқа айтарым жоқ.
Оқармандарым комментарийге телефон нөмерлерін салса, кітаптарды жіберуге мен дайынмын.
– Денсаулығыңыз сақайып, тұрып кетіңіз, ата. Әңгімеңізге рахметім шексіз.
– Саған да рахмет, Секенжан.
30.01.2022
(Софы Сматаевтың Facebook парақшасынан)