Ащысай ауылындағы толқу: Кәсіпкерді қастандықпен өлтірген кім?

0

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылының тұрғыны Нұрлан Ахметовті 15 тамыз күні белгісіз біреулер өз үйінде асқан қатыгездікпен пышақтап өлтіріп кетті.

Туыстарының айтуынша, бұл кәсіпкер Нұрлан Ахметовтың өміріне жасалған алғашқы қастандық емес. Бұған дейін де белгісіз біреулер кәсіпкерді өлтірмек болып, төрт рет әрекет жасаған. Қаншама жылдан бері осындай жағдай қайталанып келсе де, кінәлілер табылмады, қылмыскерлер жазаланған жоқ.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Нұрлан Ахметовті 15 тамызда жұмадан сенбіге қараған түнде өлтіріп кеткен. Оны үйінде жатқан жерінен бірнеше рет пышақтаған. Кәсіпкерді жақындары оны Шелек ауылындағы ауруханаға жеткізгенімен, аман алып қалу мүмкін болмады.

Аталған оқиғаға байланысты Қылмысқтық кодекстің 99-бабының 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Кісі қолынан қаза тапқан кәсіпкерді кеше жерледі. Нұрлан Ахметовті ақтық сапарға шығарып салуға халық көп жиналып, кәсіпкердің өліміне кінәлілерді тауып, жазалауды талап етті. Еңбекшіқазақ аудандық полициясының басшысы Талғат Сейілханов тергеуді құқық қорғау органдарына тапсырып, халықтың тарауын сұраған.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов кінәлілерді анықтаумен арнайы құрылған жедел-тергеу тобы айналысып жатқанын мәлімдеді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кәсіпкерге бұған дейін де бірнеше рет қастандық жасалған. 2018 жылы кәсіпкердің үйіне екі рет жарылғыш зат қойылған болатын. Сонымен қатар, 2010-2012 жылдары інісі екеуіне белгісіз біреулер оқ атқан. Бұған кімнің кінәлі екені сол күйі анықталған жоқ. Алайда жақындары мен ауыл тұрғындары азаматты өлтіргендерді білеміз деп отыр.

Өйткені Нұрлан Ахметов 2007 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би (Моловодное) ауылында болған қазақтар мен шешендердің арасында болған қақтығысқа қатысып, істі болған еді.

Кәсіпкердің әпкесі Тұмархан Жақыпбекқызы да осындай ойда.

«Нұрланым елім деп туған азамат еді. Осыдан он үш жыл бұрын Моловодное ауылында Махмахановтармен қақтығыс болған кезде Нұрланды кінәлі деп, жауапқа тартты. Сол кездерде біздің жігіттерімізді жазықсыздан-жазықсыз түрмеге қамады. Содан бері Нұрланды қастандықпен өлтірмекші болып талай рет шабуыл жасады. Мынау – бесінші қастандық. Бірінші рет шабуыл жасалған кезде біздің жоғары жақта отырған азаматтар «барлығын қараймыз, тексереміз» деген. Бірақ, содан бері ешбір нәтиже шығарған жоқ. «Қарап жатырмыз, қатырып жатырмыз» деген жауап естиміз. Қастандық жасалған сайын, Ащысайдың көшесін аралап, ауыл тұрғындарынан сұрайды. Сонда қылмыскер ауыл ішінде жүреді деп ойлай ма?», – дейді Тұмархан Жақыпбекқызы. 

Жақындарының айтуынша, Нұрлан Ахметов ақтық сөзінде өліміне кімнің кінәлі екенін де айтып кеткен көрінеді.

Кәсіпкердің жаназасы шығарылған күні аудан жастары билік өкілдеріне өз талаптарын қойды. Басты талап – күдіктіні тез тауып, әділ жазасын беру. Жиынды ттезірек таратуға тырысқан лауазымды шенділер бұл істің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тікелей бақылауында екенін жеткізді.

nege.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз