Асхат Қасенғали: «Соғыстың оныншы күні…»

0
79

Бүгін соғыстың оныншы күні. Ресей 48 сағатта бағындырамыз деген соғыс ол күтпегендей уақытқа созылып кетті. Сонымен ақырындап қорытындылар жасап көрсек.

1. Ресей расымен соғысты тез аяқтаймыз деп ойласа керек. Оны сарбаздарға берген тамақ көлемі мен алып шыққан жанармай мөлшеріне қарап білсе болады. Тез таусылып қалды. Оның үстіне Ресей әскеріне мерзімі өткен тамақ берді деген де ақпараттар бар. Алайда ол рас па, әлде бұрмаланған ақпарат па, оны біз сірә біле алмаспыз. Біраз аймақта Ресей әскерінің шабуылы тоқтап қалды. Көп жерде жанармай жетіспеуде. Ал басқыншы қолына өткен елді мекендерде әскерилер дүкендер мен маркеттерді тонауда. Осының өзі расымен тамақ қоры таусылғанын көрсетеді.

2. Ресей соғыс аяқталған соң әскери салада жаппай тазарту жүргізеді деп ойлаймын. Неге? Себебі бағалаудан үлкен қателік кеткен. Оны Кремль кешіре қоймас. Қарсыласының күшін бағалау, қарсыласының психологиясын бағалау, өз әскерінің күші мен рухын бағалауда Ресей барлаушылары, сарапшылары қателік жіберген деп санаймын. Оны Путин де біледі. Айтпайды, бірақ іштей біліп отыр. Соғыс біткен соң бірнеше әскери шенді сотталып, жұмысынан босатылады деген пайымдамын.

3. Ресей әскерінің тактикасы өзгерді. Бастапқыда танктік күштердің тасасы арқылы шабуылға шығатын жаяу әскер мен тікұшақ арқылы десант түсіруді іске асырса, қазір қалалар мен ауылдарды әуе және зымыран шабуылына көбірек ұшырататын болды. Салдарынан жүздеген бейбіт тұрғын ажал құшуда. Бұл бір жағынан жаппай қорқыту, үрей тудыру және қарсылықты сындыру тактикасы десек те болады. Дей-тұра керісінше әсер беріп жатқан тұстары да көп. Мысалы ендігі таңда реcейлік артиллерия сарбаздарын тұтқынға түсірмей, бірден атып тастау шешімі қабылданды.

4. Соғыстың алғашқы аптасының өзінде тараптар келіссөз мәселесін көтерді. Ресей мен Украина арасында Лукашенко жүгіріп жүр. Ол бұл келіссөздерді өз пайдасына шешкісі келеді. Қалай? Яғни әлемдік санкцияның ұртоқпағы оған да тиіп жатыр, ал келіссөз арқылы «мен соғысқа қатысушы емес, оны тоқтатушы, татуластырушы тараппын» демекші. Оның бұл ойы бола қоймас. Себебі ең көп зымыран соққысы дәл Беларусь жерінен жасалуда. Ал жақын аралықта ұйымдастырылған арандатушылық арқылы Беларусь әскері де тікелей соғысқа араласуы мүмкін. Ол Киев шабуылына тың күш ретінде де қатысып қалуы бек мүмкін. Екі мәрте кездесу өтті. Нәтиже жоқ. Үшінші мәрте келіссөздер 7-наурызда өтеді.

5. Соғыс енді жаңа сипатқа ауыса бастайды. Нақтылап айтқанда оған ауа-райы да жаңа ойын ережелерін енгізеді. Біраз аймақ батпаққа айналады, ол техникалардың жүруіне кедергі жасайды. Ал соғыс ұзаққа созылса, бір жарым айдан кейін партизандық соғысты жүргізуге мүмкіндік беретіндей ағаштар жапыраққа оранады. Сол сәтте тактика да өзгеруі мүмкін. Сонымен қоса Украина әлемдік чвклардың соғыс алаңына айналуы ғажап емес. Мыңдаған ерікті жасақтар Украина үшін соғысуға келе жатқаны айқын болды. Олардың ішінде кәсіби әскерилер де жетерлік. Ресей де соғысқа «Вагнер» жасақтары мен Сирияда соғысқан өзге жалдамалыларды әкелуде.

6. Ресей сарбаздарын халық азат етуші емес, басқыншы ретінде қабылдап жатыр. Оны Херсон анық көрсетті. Автомат тақалса да, халық кетіңдер де ұрандауда. Бұл барлық Ресей әскерінің қолына өтуші қалаларда болып жатқан құбылыс. Демек ертең Украина режимін Ресей күшпен тайдырып, қуыршақ билеуші қойса да, қарсылық, партизандық соғыс тоқтамайды.

7. Ресей қасақана қала өміріне маңызды нысандарды атқылап жатыр. Ол су, электр жарығы және жылу қазандықтары. Осы арқылы ірі қала тұрғындарының қаладан кетуін қалап отыр және қаланы тез иемденудің бір жолы санайды. Салдарынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны ресми 358, бейресми мыңнан астам. Ал елден кеткен босқындар саны 1.4 млн адамы құрайды.

8. Украина әскерінің жағдайы оңтүстік және оңтүстік шығыста ауыр. Әсіресе Харьков Сталинградқа айналуда. Луганск және Донецк аумағында ауыр ұрыстар болып жатыр. Себебі дәл осы аймақта Украинаның ең қабілетті әскери бөлімшелері тұр. Олардың саны жетпіс мыңнан астам. Сумы бойында да кескілескен соғыс болуда. Ал Херсон жау қолына өтті. Мариуполь жартылай қоршауда, Одессаны жау десанты иемденуге тырысып бағуда. Соңғы екі күнде Украина әскері қарсы шабуылға өте бастады. Бұл қосымша резервтер келіп жеткен аймақтарда болып жатыр.

9. Ресейдің өзінде диктатура күшейді. Оны бірнеше элементтен айқын көруге болады. Мысалы БАҚқа қатысты жаңа заң шықты, ол бойынша соғыс деп жазғандар жазаға тартылуда. Бұл Кремльдің ойынша «әскери операция-мыс». Сонымен қатар фейк ақпарат таратқандарды он бес жылға соттайтын заң да қабылданды. Шетелдік басылымдар елден кетуде, Фейсбук бұғатталды. Осының барлығы Кремльдің ақпарат саласын қатаң бақылауға алып, біржақты ақпаратты таратуға ұмтылып жатқанының көрінісі. Себебі де айқын. Мыңдаған қаза тапқан сарбаз бен қолға түскен тұтқындар әлеуметтік желіні шарлап кетті. Оны бақылауға алмақ.

10. Ресейді жаппай қыспаққа алу жалғасуда. Агрессорға санкциялар салынып жатыр. Ресей рублі құлдырады, ал құнды қағаздарының құны түсті. Активтері мен акциялары арзандады. Қырыққа жуық ел әуе кеңістігін Ресей ұшақтары үшін жауып тастады. Ресейден жүздеген әлемдік компаниялар кетіп жатыр, ол жүздеген мың адамның жұмыссыз қалуына әсер етеді. Ресей 1998 жылғы сияқты дефолт алдында тұр. SWIFT-тен бірқатар банктері ажыратылды. Тағы біршамасы ажыратылуы мүмкін. Ресейге салынған санкцияның әсері бізге де тиіп жатыр. Мысалы бір аптада доллар көрсеткіші 500-ден асты.

11. Батыс Ресейдің мұнай және газ саласын қыспаққа алуды қарастыруда. Егер эмбарго жарияласа, жағдайы ауырлайды деген сөз. Оның бізге де кері әсері тиеді. Батыс Украинаға қаржылай ондаған млрд доллар беруді қарастырып жатыр, сонымен қатар «Украиналық Ленд-лиз» де қабылдануы мүмкін. Қазірдің өзінде үздіксіз қару Польша арқылы әкелінуде.

12. Тараптар өз шығынын азайтып, жау шығынын көбейтіп көрсетуде. Бірнеше мың екі жақтан да қаза тапты. Ақпараттық соғыс жағынан Украина жеңіске жетуде. Олар әр басқыншы тұтқыннан сұхбат алып, жақындарымен сөйлестіріп, психологиялық соғысты да жасап жатыр.

Асхат Қасенғали