«Асханамызға әжетхана салғызбаймыз, Марғұлан Сейсембаев мырза!» — жазушы Қанат Әбілқайыр

0
Фейсбук әлеумттік желісінде жазушы, журналист Қанат Әбілқайыр Талғар ауданы тұрғыдарының ауыл маңынан зауыт салуға қатысты қарсылығын жеткізді. Оның айтуынша, танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсенбаев халық наразылығына қарамастан «Құс етін өңдеу зауытын» салғалы отыр. Бұл жайлы «Адырна» ұлттық порталы хабарлады.  
Жазушы Қанат Әбілқайыр туындаған келеңсіз мәселеге қатысты:
— Жуырда белгілі кәсіпкерМаргулан Сейсембай«ORDA News» арнасына сұхбат беріп, Алматы облысына қарасты Талғар ауданы аумағында «Құс етін өңдеу зауытын салу» жоспарлары кедергіге тап болып, оған «әлдебір» бастамашы топтың қарсылық жасап жатқанын мәлімдеді. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, жоба құны 27 млн еуроға бағаланған, осы кезге дейін зауыт аумағын дайындау жұмыстарына 2 млн еуро жұмсалған.
Бірақ, «жаңа қазақстандық» әйгілі кәсіпкер Марғұлан мырза «Панфилов ауылының іргесіне күніне 96 мың тонна құс етін өңдейтін зауыт салынады екен» деген хабар шыққалы Талғар ауданына қарасты Панфилов, Түзусай, Еңбекші, Қарабұлақ ауылдарының (сонымен қатар Алматы қаласына қарасты «Алатау» ықшам ауданының халқы) елу мыңнан астам тұрғынынан маза кетіп отырғанын, «әлдебір» бастамашы топтың сол мыңдардың атынан заңды әрекет жасап жатқанын, Талғар ауданы әкімдігі халықтың наразылығына, яғни бұқараның заңды талабын орындауға мәжбүр болып отырғанын айтпайды.
Тек Марғұлан Сейсембаев компанияның 2 млн еуро шығынына шырылдайды. Демек, ол кісіні «зауыт салғызбаймыз» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей зар қақсап жүрген 50 мыңнан аса жергілікті тұрғындардың наразылығы, олардың соңғы жылдағы уайымы мен алаң-көңілі «қызықтырмайтынға» ұқсайды.
Бизнесмен Бастамашы топтың ресми іс-әрекеті барысында анықталған, анықталып жатқан «Алель Агро» мен бұрынғы әкімдердің (дұрысы әкім міндетін уақытша атқарған шенеуніктердің) тарапынан жіберілген өрескел заңсыздықтар жайлы да жақ ашпайды, — деп жазды.
Кейіннен автор кәсіпкермен арада туған даудың жай-жапсарын жіктеп, «Алель Агро» тарапының мұндай заңсыздықтардың бірнешеуі орын алып отырғанын айтады. Бұл жайлы:
— Мәселен…
Бірінші заңсыздық!
Зауыт салуға берілген 4,5 гектар жердің пайдалану мақсаты ҚР Жер Кодексінің 97 бабын өрескел бұзып, қысқа мерзімде өзгертілген.
Яғни, компания тарапынан Ескі Қазақстанның ескі жолымен мыңдаған халықтың мүддесі ескерілмей, олардың жайлы өмір сүру құқығынан айыруға қадам 2017 жылы-ақ жасалған.
Екінші заңсыздық!
Заң бойынша мұндай алып зауыт салуға қатысты (бизнесмен айтқан 2 млн еуро жұмсалмай тұрып) қоғамдық тыңдау ұйымдастырылу керек еді. Ол да жоқ.
Сол жоқтың орнын «Алель Агро» бірнеше ай бұрын тырнақшаның ішіндегі «қоғамдық тыңдаумен» толтырмақ болды. Ұзын саны отызға жетпейтін адам қатысқан қоғамдық талқылаудың 1/3 «Алель Агролықтар» толтырыпты. Қалғаны мектеп мұғалімдері…
Яғни, күлкілі болса да айтайық, елу мыңнан аса халық тұратын Панфилов, Еңбекші, Қарабұлақ, Түзусай ауылдарының, Алатау ы/а және бірнеше саяжайлардың өмірлік тағдырын 22 мұғалімге шешкізбек болған.
Үшінші заңсыздық!
«Алель Агроның» құс етін өңдеу зауыты салына қалғанның өзінде, оның аумағы ауыл тұрғын үйлерінен бір шақырымнан аса қашықтықта болуы керек. Ал, бұл зауыт пен ауыл үйлерінің арасы 500 метрге жетпейді.
Төртінші заңсыздық!
Бүгінге дейін 27 млн еуро инвестиция тартуға қауқарлы аталмыш компанияға Алматы халықаралық әуежайы зауыт салуға рұқсат бермеген. Алматы әуежайы біздің ресми хатымызға ҚР Заңдары бойынша мұндай ірі зауыт салуға ұшақтың ұшу жолынан кемі 15 шақырым қашықтықта болмаса, мүмкіндік берілмейтінін мәлімдеді.
Айта берсек, «Алель Агро» тарапының мұндай заңсыздықтары көп (оның бәрін алда тағы да тарқатып жазатын боламыз), — деп жалғады жазбасын.
Қанат Әбілқайырдың айтуынша, мұндай зауыттар ауыл-аймақтан тысқары салынуы тиіс.
— Өткен жолы Панфилов ауылындағы #17 мектепте «Алель Агроның» өкілдері мен ауыл тұрғындарының кездесуі өтті. Сол кездесуде «Алель Агролықтар» бұқара халықтың алдында ауыз ашар жайы болмады. Жергілікті тұрғындардың қарсылығына айтар уәждері де мандымады.
Сол жиында халықтың аталған ауылдардың экологиялық ахуалына, зауыттың энергетикалық қауіп-қатеріне, канализация мәселесіне қатысты жанайқайы «АСХАНАМЫЗҒА ӘЖЕТХАНА САЛҒЫЗБАЙМЫЗ» деген жалғыз ауыз сөзбен түйінделді.
Тіпті, «Алель Агролықтар» Марғұлан Сейсембаев жайлы қойылған сұрақтарға «Ол кісінің біздің компаниямызға мүлдем қатысы жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртіп шыға келді. (Ашулы наразы жұрттың аузымен мақтаулы Марғұланның атына кір келтірмеуге тырысса керек).
Сол «Алель Агроға» түк қатысы жоқ Марғұлан Сейсембаев мырзаға біз сол күні ауыл белсенділері нақ Панфилов ауылында ұзақ жылдардан бері тұратын заңгер, эколог, журналистердің басын қосып, бастамашы топ құрғанымызды, біздің сапымызға өзіміз сайлаған облыстық һәм аудандық мәслихатың депутаттарын қосқанымызды, жиын соңында наразы халықтың сөзін сөйлеуге уәде беріп, хаттама толтырғанымызды айта кетсек дейміз.
Жаңа Қазақстанда қазақтың кең сахарасы құрып қалғандай, мыңдардың мүддесімен санаспай, бірнеше ауылдың қақ ортасына заңды белшеден басып, күніне 96 мың тауық соятын зауыт салуға ешкімнің құқы бола қоймас деп ойлаймыз!
Бұл мәселені ҚР Президенті Қасым-Жамарт Тоқаевтің назарынаRuslan Zheldibayдосым жеткізер! Облыс әкімі Сұлтанғазиевтің құлағынаGalymurat Zhukelбауырым сыбырлар!Мұндай зауыттар халықтың жайлы өмір сүруіне кедергі келтірмейтін аумаққа салынуы тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың даңғыл жолына түседі… — деп жазды автор.