Арыстағы әскери қоймада жарылыс болып, бөлімше өртеніп жатыр
24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімше қоймасында жарылыс болды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет хабарлады.
Жарылыс болғаны туралы хабар таңғы 9.20-да түскен. Комитет қоймадағы жарылыстан соң әскери бөлімше аумағы өртеніп жатқанын, ондаған өрт сөндіруші мен техника жұмылдырылғанын хабарлады. Жапа шеккендер туралы әзірге дерек жоқ.
Билік ненің жарылғанын әлі хабарлаған жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылары «бірнеше снаряд атылды» деп жазды.
Арыста тұрамын деген Facebook қолданушысы Нұрдәулет Жолболды Азаттық тілшісіне «бірнеше рет жарылыс болғанын естідім» дейді. Жолболды туыстарының өз бетімен қауіпсіз жерге көшіп жатқанын айтады.
Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған қару-жарақ атылған. Оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы мен жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп деп мәлімдеген.