Арыста жарылыс болды: тұрғындардың бірі зардап шеккен
Қысқа сілтеме алу
Жарылыс салдарынан жергілікті тұрғын аяғынан жарақат алды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз — Sputnik. Арыстағы жаңа төтенше оқиға – қоқысты өртеу кезінде белгісіз зат жарылып кетті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов.
Оқиға салдарынан жергілікті тұрғын зардап шеккен – ол аяғынан жеңіл-желпі жарақат алды.
Жарылыс бейсенбі күні сағат 18.15-те болған.
«Үй ауласында қоқысты өртеу кезінде белгісіз зат жарылып кетіп, салдарынан үй иесі жеңіл-желпі жарақат алды. Оқиға орнында барлық жауапты орган жұмыс істеп жатыр. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң жәбірленуші үйіне қайтты», — деп жазды Қалқаманов Facebook желісінде.
Арыстағы жарылыс
24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Арыстағы жарылыстан кейін жауапты тұлғаларды қалай жазалады?
Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген болатын. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.
sputniknews.kz