Атамбаевқа жемқорлық бойынша айып тағылып, қамауға алынды

0
142

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа жемқорлық бойынша айып тағылды. Бұл ақпаратты Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесаревке сілтеме жасаған 24.kg сайты хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, ішкі істер министрлігінің тергеушісі Атамбаевқа қылмыстық топ арасында танымал Азиз Батукаевты «заңсыз босату ісі» аясында айып таққан.

«Негізсіз айып. Мен қорғап отырған азаматты куәгер ретінде шақырса, қалайша негізделген [айып] болады? Тіпті тергеген де жоқ. Оған бірден күдікке ілінгені туралы ескерту тапсырылды. Бұл баяғыдан бері жоспарланған сценарий. Бұл заңсыз, себебі Алмазбек Атамбаевтың бұрынғы президент ретінде тиіспеушілік мәртебесі бар» деді Сергей Слесарев.

Атамбаевқа басқа айыптар тағыла ма, ол жағы белгісіз.

8 тамызда Қырғызстанның қарулы күштері Кой-Ташта жүргізген екінші операциядан кейін елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстады. 7 тамызда болған алғашқы операция сәтсіз аяқталған еді. Операция салдарынан туындаған тәртіпсіздік салдарынан ондаған адам жараланды, бір адам қаза тапты. 8 тамыз күнгі жанжал кезінде де бірнеше адам жараланған. Олардың төртеуі – полицей.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтқан.

Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.

24.kg хабарлауынша, 9 тамызға қараған түні Бішкектің Первомай аудандық соты Атамбаевты 26 тамызға дейін қамау туралы шешім шығарған.

Azattyq