Арыста жараланған 3 адам әлі ауруханада. Біреуінің жағдай ауыр
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Ержан Біртановтың сөзінше, Арыстағы жарылыстан кейін жарақаттанған үш адам әлі ауруханада жатыр. Солардың бірі, 8 жасар Аян Шәріпбектің халі ауыр.
Шәріпбек қазір Нұр-Сұлтандағы ауруханалардың бірінің жансақтау бөлімінде жатыр. 8 жасар баланы, Арыста жарылыс болған кезде қаладан қашып бара жатқанда, көлік қағып кеткен еді.
«Ол баланы [Қазақстанға] тәжірибе алмасуға келген шетелдік нейрохирургтер де қарады. Дәрігерлер қолдарынан келгенін жасап жатыр. Бірақ көп жағдай дәрігерлердің қолында емес. Өкінішке орай, баланың бас жарақаты өте ауыр» деді Біртанов Азаттыққа.
Министрдің сөзінше, қалған екі науқастың бірі Алматыда, екіншісі Шымкенттегі ауруханада, олардың жағдайлары жақсарып келеді.
24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген.
27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңіне, 28 маусымда Шымкент пен көрші елдімекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды. Билік Арыстағы әр тұрғынға 100 мың теңге беретінін айтқан.
Видео: Арыстағы алты күн