Арыста үйі бұзылғандар далада қалмайды
Түркістан облысының әкімдігі Арыс қаласындағы Ережепбай Молдабаев атындағы орта мектепте тұрғындар уақытша қоныстанатын 800 орын дайындалғанын хабарлады.
Мұнда жарылыс салдарынан үйлері толық бұзылған және тұруға жарамсыз болып қалған үй иелері орналаспақ. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, «орталықта қоныстанғандар үш мезгіл тамақ және жатын орындармен қамтамасыз етіледі». Балаларға арналған ойын алаңдары да қарастырылмақ. Жарылыстан бүлінген үйлер толық жөнделген соң тұрғындар өз шаңырақтарына оралады дейді әкімдік өкілдері.
Әзірге орталыққа қанша отбасының орналақаны белгісіз.
Бұған дейін облыстық төтенше жағдай департаменті Арыста шамамен 7 500 үйдің жарылыс салдарынан шатыры тесіліп, терезелері шағылғанын хабарлаған. 26 тұрғын үй өртенген. Билік тұрғындарға үйлерін жөндеуге мемлекеттің көмектесетінін хабарлаған.
Қарай отырыңыз: Арыс тұрғындары үйлеріне қайтты (28 маусым 2019 жыл).
24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.
Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеген. 27 маусымда жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Билік өкілдері қалада тұру қауіпсіз екенін айтып, олардың талаптарын орындау мүмкін еместігін меңзеген.
Маусымның 28-і күні көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.