Арыс қаласында үйлер пайдалануға берілді
Игі істі жүзеге асырған қала әкімдігі мен тапсырысты орындаушылар Елбасы Жолдауындағы «Жайлылық дегеніміз – ең алдымен тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы» деген тапсырмасын басшылыққа алғандарын айтуда.
«Көктемде» тағы да 3 қабатты 3 тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында қалада 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті орындарға сұраныс жолданған. Ал 8 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Былтыр 10 айда 2 млрд 35 млн теңгеге 31972 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй ел игілігіне берілген. Яғни, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 124 пайыз болып отыр. Жалпы, Арыс қаласында құрылыс жұмыстарының көлемі 4 млрд 67 млн теңге болып, нақты көлем индексі 95,8 пайызды құраған. Бұл қарқын алдағы уақытта да бәсеңдемек емес. «Наурыз» және «Отырар» тұрғын аудандарында 600 орындық мектеп құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға жергілікті бюджеттен 11 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптама қорытындылары алынған, ал 48 нысанға сәулет-жоспарлау тапсырмасы жасалған. Өндірістік кәсіпорындар құрылысы да жоспарланған мерзімде жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде. Мысалы, кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында қалада «Арыс минералды су» ЖШС құны 250 млн теңгелік, жылына 18 млн литр минералды су және басқа да алкогольсіз сусындар шығаратын, 50 адам жұмыспен қамтылған цехты іске қосты. Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасынан тыс құны 1 млрд 360 млн теңгелік 6 жобаның есебінен жаңадан 102 жұмыс орындарының ашылуы жоспарланса, 4 жоба іске қосылып, 85 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта «Сым-Тас» ЖШС құрылыс материалдарын, атап айтқанда керамзиттен дайындалатын кірпіш шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Монтайтас ауылдық округі аумағынан кең таралған пайдалы қазба, бетонит кен орнының құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ Арыс қаласының оңтүстік шағын ауданынан 2019-2020 жылдары шетелдік және жергілікті компаниялар бірлесіп, жылына 12 мың дана толық циклды вагондар шығаратын, жалпы құны 82,0 млрд теңге болатын зауыт салуды жоспарлауда. Былтыр қазан айында Қожатоғай ауылдық округінде «KazGreenTekSolar» серіктестігі француздық компаниямен бірлесіп, 30 гектар жерге құны 7 млрд теңгелік, қуаты 14 мВт болатын күн сәулесінен баламалы электр энергиясын өндіретін стансаның құрылыс жұмыстары басталды. Одан бөлек, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ ұсынысы негізінде қуаты 50 мВт-ты құрайтын күн сәулесінен қуат өндіретін станса салынатын болады. Қала әкімі Мұрат Қадырбектің мәлімдеуінше, былтыр инвестиция көлемі 6 млрд-тан астам теңге болып, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 млрд-тан аса теңгеге артқан. Ал өндірілген жалпы ішкі аймақтық өнім көлемі 25 млрд 367 млн теңге болған.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің 4-ші бастамасында шағын несие беруді көбейту қажеттігі айтылған болатын. Осы орайда Арыс қаласында шағын несие ұйымдары арқылы 2748 адамға барлығы 1 млрд 529 млн теңге несие берілген. Оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдары арқылы 76 адамға берілген несие көлемі 426 млн теңге. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының дамуына септігін тигізіп отыр. Былтыр 10 айда 12 млрд 521 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, 6,1 гектар жылыжай салынған, 905 гектар жерге тамшылатып суару әдісі ендірілген. Төрт түлік мал санын көбейтіп, ұлттық сусындарды ұсынып отырған шаруашылықтардан бір ғана мысал келтіре кетейік. Арыс қаласына қарасты Дермене ауылдық округінде Саналы бөлімшесінде «Желмая» АШӨК күніне 500 литрден 1,5 тоннаға дейін шұбат өндіреді. Шұбат бөтелкелерге құйылып Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларына жіберілуде. Келесі жылы түйе сүтінен йогурт өнімін өндіру және сауынды түйелерін 400 басқа дейін арттыру жоспарлануда. Ал «Ордабасы құс» ЖШС Ақдала ауылдық округінен құны 2,5 млрд теңгені құрайтын асыл тұқымды үндік балапанын шығаратын құс фабрикасын салмақ. Қуаты 1817 мың дана жұмыртқа шығаратын жоба бойынша 70 адам жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ қала аумағындағы ауылшаруашылық жерлерін ағын сумен қамтамасыз етіп, суармалы жер көлемін ұлғайту мақсатында нақты іс-шаралар жоспарланған. Мысалы, Дермене ауылдық округіндегі «Саналы» каналын күрделі жөндеуден өткізу арқылы 550 гектар суармалы жерді қайта айналымға қосу және сыйымдылығы 1 млн текше метрлік тоған салу арқылы суармалы жердің көлемін 1950 гектарға ұлғайту көзделуде.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/