Аружан Саин митингіге балаларды алып шығатын ата-аналарға үндеу жасады
Қысқа сілтеме алу
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл митингіде арандатушылық болуы мүмкін екенін, балаларға қауіп төнетінін ескертті
НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин өз балаларын митингіге алып шығатын ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тағы оқыңыз: Аружан Саин неге қазақша сөйлемейтінін айтты
«Мен екі үндеу жасайын деп едім. Біріншіден, ата-аналарға айтарым, балаларыңызды ондай шараларға апармаңызшы, өтінемін. Қазір «барахолканың» өзіне баламен баруға қорқасың. Себебі ондай жерде адам көп. Ал митингіде жағдайдың қалай болатынын да білмейсің. Арандатушылық та болуы мүмкін. Сондықтан балаларды ондай жерге апармаған дұрыс», — деді Саин астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Уәкіл екінші үндеуін полицияға жолдады. Оның ойынша, ана мен баланы қинап, ішкі істер органдарына апармауға да болады.
«Енді, айыппұлды поштамен де жіберуге, ал соттың шешімін сырттай шығаруға мүмкіндік бар. Ана мен баланы ішкі істер органдарына апармасақ та болады ғой. Жарайды, ана баласымен бірге митингіге барды дейік, айтатынын айтсын. Ал заңды бұзса, ол кісіні ұстамай-ақ бәрін жасауға болатын шығар», — дейді Саин.
Уәкіл елорданың көпіріне шыққан ананың әрекетін де еске алды. Оның айтуынша, кез келген мәселені заң аясында шешуге болады.
«Суицидке баратын ананың әрекеті балаларға да кері әсерін тигізеді. Экстрим жасаудың қажеті жоқ. Барлық ата-ананы өз мәселелерін заң аясында шешуге шақырамын», — дейді Саин.
sputniknews.kz