Арулар жұлдызнамасы: Қай зодиак иесіне қандай гүл берген абзал?
Арулар жұлдызнамасы: Қай зодиак иесіне қандай гүл берген абзал?
Қыздардың мінезі өте құбылмалы болып келеді. Кейде оны жұлдызнамасы мен сүйікті гүліне қарап бақылауға да болады.
Тоқты. Бұл белгідегі аруларға қызғалдақ, ақ не қызыл түсті роза, өте үлкен пион гүлін де сыйлауға болады. Тез шығып, аз уақытта қайта жоғалатын қызғалдақ секілді тоқты арулар махаббатта тұрақсыздау. Сүйіктісінен тез жалығады. Оның көңілінен шығамын десеңіз, бір тал емес, бір бума гүл ұсынғаныңыз жөн. Оның осы мінезіне қарап-ақ өмірде бәрін көргісі келетін өте пысық, алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын жан екенін аңғаруға болады. Қыр гүлі қызғалдақтың адам аяғы жетпейтін кең жазық далада өсетіні сияқты тоқтылар да біреуге тәуелді болғанды қаламайды, бағынғанға қарағанда бағындырғанды дұрыс көреді. Отбасылы болудан еркін жүруді, карьера қуғанды жөн санайтындықтан, олардың ішінде оң жақта отырып қалатындары көп.
Торпақ. Оларға ешқандай артық нәрсе қосылмаған қарапайым шоқ гүлін сыйлағаныңыз жөн. Бұл талғамдағы арулар өмірден өз орнын таппағандар, яғни өзінің дәрежесін білмейді. Өзіне сенімсіз, әр істің басын бір шалып жүреді. Қиындық туғанда кез келген істі татап кете салады. Мұндай қыздар «отбасында әйел еркектен бір саты төмен болуы керек» деген қағида ұстанады. Жақсы жар бола біледі. Бірақ өздігінен шешім қаблдауы қиын. Сондықтан ісі де, сөзі де пысық жігіттерді іздейді. Достары мен жақындары үшін жанын беруге даяр.
Егіздер. Өте жұмбақ жандар. Гүлге келгенде қайсысын таңдарын өзі де білмейді. Сондықтан бұл белгідегі қыздарға гүл сататын дүкенді сатып алып берсең де қарсы болмайды. Оларға ақ орхидея және сирень гүлдерінен жасалған иіс су тарту етсеңіз, жүрегін жаулайсыз. Олар өзіне ұнаған жігітті қалай қаратуға болатынын біледі. Бірақ шын махаббатын ұзақ күтуіне тура келеді. Өтірік айтқанды, жігіттің сөзінде тұра алмауын кешіре алмайды. Өзі де шыншыл, адал, таза болғандықтан, достары өте көп. Өзінің жанын қинағысы келмейді. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп, бақытқа оңай жеткісі келеді. Отбасын құруға да, қызметін көтеруге де асықпайды. Ертеңінен гөрі бүгінгі өмірін қызықты өткізу үшін, қалтасының түбіндегі тиынына дейін аямайды. Тұйық, бірақ өзіне тиесілі нәрсені ешкімге бермейді. Махаббатта берік.
Шаян. Бұл белгідегі арулар суға жақын. Сондықтан неғұрлым суда өсетін гүлдер оның жанына жақын келеді. Ақ не ақшыл түсті гүлдерді ұнатады. Олар өте тұйық жандар. Сырын ешкімге айта бермейді, сондықтан кейде қателіктер жіберіп жатады. Махаббатта тұрақсыз, сүйгенін табуда одан болмашы қылығы үшін алыстау да түк емес. Отбасында билікті өзі жүргізгенді, бағындырғанды ұнатады. Өз дегені болмаса, өзгенікін құлаққа ілмейді. Кейде өзінің бірбеткейлігімен қателікке ұрынады.
Арыстан. Әсемдікке, табиғат сұлулығына жандары әуес. Арыстандарға мерекелерде гүлден артық сыйлық жоқ. Тіпті үйлену туралы ұсыныс жасарда әлде арадағы ренішті жуу үшін де гүл ала барсаңыз, жеңіс сіз жақта болады. Өте ақкөңіл, достары көп. Достықты жоғары бағалайды, көңілді жүреді. Махаббатта оның жүрегін жаулау қиын емес. Одан отбасы бақыты үшін карьерасынан да, барлығынан да бас тартатын адал жар шығады. Мұндай қызға кезіккен жігіт адал да сүйікті, теңдесі жоқ жар кезіктіргеніне бақытты.
Бикеш. Бикеш белгісіндегі қыздар өздеріне сенімді, осының арқасында дегеніне жетеді. Ешкімге ұқсағылары келмейтін ерекше жандар. Олар шегір гүлін, үйде өсіретін гүлді ұнатады. Өздері де отбасы жылылығын ойлайтын ақылды әйел бола алады. Қоршаған ортасына сыйлы, өте ерке. Өздерін жоғары бағалайды. Өзіне сұлу да қалталы жігіттер тең деп біледі. Олар үшін өмір бойы жұмыс істеу ақымақтық. Бірінші орынға жанұя жарастығын қойып, әйел бақытына ие болады. Достары көп, өсек айтуға жоқ, сырды жақсы сақтайды. Өз қулығы мен ақылын пайдаланып ойындағыға жетеді.
Таразы. Бұл белгідегі сүйіктіңізге ақ, қызғылт түсті раушан гүлін сыйлаңыз. Раушан – гүл атаулының ханшасы. Сондықтан бұл белгідегі қыздар да өзін өте жоғары санайды. Аса сұлу, әйелге тән жақсы қасиетке бай. Қай ортада да сыйлы. Сүйгенінің сезімін бағалай біледі. Сүйгені адал болса, алақанына салып, бақытты етеді. Жақындарына қамқор, жомарт. Өздігінен ешкімге тиіспейді, біреу тиіссе, міндетті түрде кек қайтарады. Отбасын бірінші орынға қояды.
Сарышаян. Жаны нәзік сарышаяндарға сыйға тартатын гүлдеріңіздің түсі қою болсын. Өйткені оларға жаңадан ашып келе жатқан қою қызыл түсті, жасыл, майда жапырақты раушан гүлі ерекеше саналады. Олар тік мінезді. Кез келген жерде алдына көлденең тұрған адамды аямайды. Отбасында көшбасшы. Жұмысқа өте шебер. Екі-үш жұмысты қатар алып жүре алады. Ас әзірлеуді ұнатады. Бірақ үй шаруасындағы басқа жұмыстарды жаны сүймейді. Бала тәрбиесіне қатал. Махаббатта берік. Күйеуінің теріс жүрісін сезсе, ойланбастан араны үзе салады. Қиындыққа қасқая қарсы тұра білетін бірден-бір нәзік жан.
Мерген. Өзіне сенімді бұл арудың көңілінен шыққыңыз келсе, ашық қызыл қызғылт гүлдер сыйлаңыз. Дала гүлдерінің барлығы талғамына сай. Барлық әйел заты ұнататын раушан гүлін сыйламаған жөн. Бұл белгі арулары өте сезімтал, сұлулықты, ерекшелікті жаны сүйетін жандар. Жар таңдауда қоятын талаптары жоғары болғандықтан, отбасын құру олар үшін үлкен мәселе. Ойындағы жігітті кездестірмесе, өмір бойы оны іздеуден шаршамайды. Кез келген жігітті баурап алады, жаманын жөнге салады.
Тауешкі. Бұл арулардың талғамына ақшыл гүлдер сай. Оларға шын көңілден берілген гүл болса болғаны, талғамайды. Жанына жақын гүлі – лотос. Бұл тазалық пен сенімділік. Өзі де достыққа, махаббатқа берік. Тіпті алғашқы махаббаттың мәңгілік болғанын қалайды. Қай ортада да өзін сол жердің «ауа райына» қарай ұстайды. Ортасына сыйлы.
Суқұйғыш белгісіндегі қыздар дымқыл тропикалық жерде өсетін гүлдерді ұнатады. Астра – суқұйғыш жанымен үндес. Олар қиындыққа қарсы тұрады. Басшылық қызметтерді сеніп тапсыруға болады. Әріптестерінің, ортасының тілін таба біледі. Жұмысына тиянақты. Екінші жартысын табу оларға қиын емес. Өзін қай кезде де жас сезініп, 70-80 жасында да өзінің сұлу сымбатын сақтай алады. Сондықтан ері де жыл өткен сайын отбасына «байланып қалғандай» сезінеді. Жарының сұлулығы мен қылығы өзгеге қаратпайды.
Балықтар. Балықтарға суқұйғыш белгісіндегі гүлді сыйлаған абзал, сонымен бірге оймақгүл (наперстянка) гүлін де ұнатады. Мінезі тік, ұқыпты, өте ақылды. Қиындықтан қорықпайды. Отбасы мәселелерін дұрыс шеше біледі. Бірбеткей жандар. Достары аз. Өзі де ешкімге сырын ашып айта бермейді. Өзіне сенімді болғандықтан, кез келген істі тәуекелмен бастау қорқыныш тудырмайды. Жеке, оңаша жүргенді ұнатады. Ең басты қасиеті – тәуекелшіл. Осы қасиетінен кейде саусақ тістесе, кейде ойламаған олжаға тап болып жатады.
Дереккөз: http://reactor.inform.kz