Арнайы кітапхана қоры 3D форматындағы кітаптармен толықты
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханаға Әлеуметтік инновациялар және технологиялар орталығы халқымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты ерекше балаларға арналған арнайы кітаптарды сыйға тартты.
Оның ішінде қазақ тілі және орыс тілінде инновациялық 4 кітап бар. Кітапта қазақ халқының аңыз, ертегілеріне қатысты құнды мәліметтер қамтылған.
Кітапта «Зере әженің әңгімелері» деген атпен берілген «Ұлы Тәңірі туралы аңыз», «Ұлы Ақ ана Ұмай туралы ертегі», «От-Ана туралы ертегі», «Құдай жер-су ана туралы аңыз», «Жер асты хикаясы» баяндалған. Тарихи мұралар ерекше білімді қажет ететін балалардың таным-түсінігіне сай жеңіл тілмен жеткізілген.
Әлеуметтік инновациялар және технологиялар орталығының жетекшісі Нурия Литвинова кітапты өз қолымен тарту етіп, заманауи кітап басу ісінің озық тәжірибесімен бөлісті.
«Көру қабілеті нашар ерекше балаларға арналған инновациялық кітап басып шығару жобасын іске асыру оңайға соққан жоқ. Үлкен дайындықтан өттік, мол тәжірибе жинадық. Түрлі кедергілерді бастан өткіздік. Ең бірінші балаларға беретін рухани дүниелерді сүзіп шықтық. Ежелгі түркілердің дүниетанымын дұрыс түсініп, ажыратып алуымыз керек болды. Одан кейін кітапты басып шығаруға қажетті материялдарды алу үшін қаржы керек болды. Кітапты басып шығаруға АҚШ елшілігі қол ұшын берді. Қазақ халқының тарихына қатысты мұраларды екі тілде қатар бердік. Кітап 3D принтерінде басылды. Мәтінді Брайль қәрпінде теріп, суретімен қосып пластикке басып шығардық. Пайдаланылған материялдар баланың денсаулығына еш зияны жоқ. Ұзақ уақыттық жұмысымыздың жемісін алғаш болып өздеріңізге ұсынып отырмыз. Бұл кітаптың жарық көруіне үлес қосқан азаматтардың барлығына алғыс айтамын», деді Нурия Литвинова.
Келелі кездесуге кітапхана қызметкерлері мен АҚШ елшілігінің өкілдеріде қатысып өз ойларын ортаға салды.
«Бүгінгі игі шараға АҚШ дипломатиялық миссиясының өкілі ретінде қатысып отырғаныма қуаныштымын. Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың білім беру ресурстары мен инфрақұрылымына қажетті мүмкіндіктерді қолдауға әрдайым дайынбыз. Қол жетімді орта мен инклюзивті білім беруді насихаттаушы азаматтық ұйымдармен тығыз жұмыс жасап келеміз. Бұл жоба АҚШ елшілігінің шағын гранттар бағдарламасы аясында жүзеге асырылды және біз қаржыландыратын көптеген жобалардың бірі.
30 жыл бұрын азаматтық ұйымдар мен белсенді азаматтардың арқасында Америка мүгедек жандарға жағдай жасау туралы заң қабылдады. Егер де осындай үкіметтік емес ұйымдардың еңбегі болмағанда, біз оған қол жеткізе алмас едік. Әлеуметтік инновация мен технологияны дамыту Орталығы сияқты ұйымдардың жұмысы маңызды. Сондықтан біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тең мүмкіндік беретін жобаларды қуана қолдаймыз», деп атап өтті АҚШ Бас Консулдығының баспасөз, білім және мәдениет жөніндегі кеңесшісі Ананд Кришна.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры Асхат Байұзақов арнайы көмекті қажет ететін балаларға арналған әдеби, мәдени кітаптардың маңыздылығы туралы айтып, осындай құнды мұраларды жаңғыртуға атсалысқан азаматтарға алғысын жеткізді.
«Арнайы көмекті қажет ететін балаларға арналған әдеби, мәдени кітаптардың маңызы өте зор. Тарихи мұралар баланың өмірге, қоғамға деген көзқарасын қалыптастыратын білімнің қайнар көзі. Баланың рухын сақтайды, жүрегі мен миын азықтандырады, өзін-өзі тану сезімін оятады, өз ісінің дұрыс, бұрыстығына қорытынды жасап, дәлелдей алатын, өмірдің ащысы мен тұщысынан дәм татып, өмір сүруге дайын, тірлікке бейім болуға үйретеді. Балалар әдебиеті арнайы кітапханалардың назарынан тыс қалған емес. Халқымыздың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне қатысты жәдігерлерді бір орталыққа жинастырып, оқырмандардың игілігіне ұсынып келеді.
Әлеуметтік инновация мен технологияны дамыту Орталығының бастамасымен, АҚШ Бас Консулдығының қолдауымен жарық көріп отырған кітаптарды қоржынымызды толтыратын қазына деп қабылдаймыз. Игі іске атсалысқан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, деді кітапхана директоры Асхат Байұзақов.
Шара соңында кітап басып шығару ісін дамыту, оны оқырманға жеткізу бағытында түрлі ұсыныстар айтылды. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры Асхат Байұзақов АҚШ Бас Консулдығының баспасөз, білім және мәдениет жөніндегі кеңесшісі Ананд Кришнаға кітапхана студиясында дыбыстандырылған кітапты сыйға тарту етті.
Баспасөз қызметі