Арменияда бұрынғы президент Саргсян сотқа әкелінді

0

Арменияда жемқорлық бойынша айыпталған бұрынғы президент Серж Саргсян 25 ақпанда сотқа әкелінді. Жақтастары оны саяси себеппен қудалап отыр деп санайды.

«Новости Армении» сайтының хабарлауынша, Ереван соты Саргсянмен бірге төрт адам – бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Серго Карапетян және оның орынбасары болған Самвел Галстян, кәсіпкер Барсег Бегларян, өсімдік зерттеу басқармасының бұрынғы бастығы Геворг Арутюнянның ісін қарауға дайындық жасап жатыр.

Саргсянға мемлекет бюджетінен 1 миллион доллардан астам ақша жымқырды деген айып тағылған. Тергеуге сәйкес, Саргсян шаруаларға дизель отынын жеткізу үшін бөлінген субсидиядан ақша жымқырып қалуды жоспарлаған.

Армения президенттігіне екі рет сайланып, 2018 жылы премьер-министр ретінде билікте қалмақ болған Саргсян сол жылы көктемдегі жаппай наразылықтан кейін отставкаға кетуге мәжбүр болған.

«Серж Саргсянға белсенді түрде саясатпен айналысуға мүмкіндік бермеу үшін осының бәрі қолдан ұйымдастырылды» деді адвокат Амрам Макинян AFP агенттігіне.

Сейсені күні сотта процедуралық мәселелер қаралды. Сот тыңдауы бірнеше аптадан кейін басталады.

Оқи отырыңыз: Билік ауысқан Арменияда бір жылда не өзгерді?

Azattyq