Ұлымен жанжалдасып қалған әйел полицейге балта лақтырды — Қазақстан жаңалықтары

0

Қостанайда уческелік полицей анасымен жанжалдасып қалған 27 жастағы жігітті пәтерден шығармақ болғанда, әйел балта лақтырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «KTK» арнасына сілтеме жасап.

балта

Қостанай облысының оңтүстік полиция бөліміне Водяная көшесінде орналасқан пәтерде отбасылық жанжал болып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына учаскелік полицей Алмат Рамазанов барған. Ол 27 жастағы жігіт пен оның 49 жастағы анасының арасында жанжал шыққанын анықтаған. 

Бұл отбасында полицей бірнеше рет болған. Әдетте, полиция қызметкері тексеріп жатқанда әйел инспекторға былапыт сөздер айтқан. Осы жолы бәрі басқаша болып, анасы ұлын алып кетуді сұраған. Инспектор жігітпен сөйлесіп, пәтерден шығарғысы келгенде, әйел балтаны алып, учаскелік полицейге қарай лақтырған. Полиция қызметкері өзін қорғамақ болса да, балта тиіп, дене жарақатын алған.

Осы әрекеті үшін Қостанайлық әйел қамауға алынды. Мұндай жағдай үшінші рет болып отыр. Енді ол былапыт сөздер айтып, тіл тигізгені үшін емес, полицияға шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікке тартылады. 

Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Учаскелік инспекторға ауруханада алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

 

 

stan.kz