Армения премьер-министрі ҰҚШҰ-ны тағы сынады
Сондай-ақ ол қорытынды декларацияға қол қоюдан бас тартты.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереван қаласында өткен ҰҚШҰ-ның саммитінде ұйымды Әзербайжанмен соғыста Арменияны қолдау көрсетпегені үшін сынады.
Сондай-ақ ол отырыстың соңында саммиттің қорытынды декларациясына қол қоюдан бас тартты.
Ал саммитте сөйлеген сөзінде Пашинян Армения мен Әзербайжанның арасындағы қарулы қақтығыста ҰҚШҰ-ның тиісті деңгейде қоодау көрсетпегенін айтты. Оның айтуынша, ұйым тарапынан Арменияға қолдау болмаған соң ҰҚШҰ-ның беделіне нұқсан келген.
Біз Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қоюға 30 жыл толуын, ҰҚШҰ құрылғанына 20 жыл толуын тойладық. Бірақ көңіл-күйіміз мерейтойдағыдай емес. Соңғы екі жылда ҰҚШҰ мүшесі Армения мен Әзербайжанның арасында кемінде үш рет әскери қақтығыс болды. Ұйым әлі күнге дейін осы оқиғаға байланысты ортақ шешімге келе алмай жатыр. Бұл ҰҚШҰ-ның беделіне орасан нұқсан келтіреді, – деді Пашинян.