Арман Шораев қазақ күресінің дамуы туралы айтты
Арман Шораев қазақтың ұлттық күресін дамыту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы қазақ күресін Олимпиада бағдарламасына енгізу үшін не істеу қажеттігін әрі қазақ күресі атауын не себепті өзгерту керектігін Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
«Қазақстан барысы»
Алдымен Арман Шораев 8 маусымда өтетін «Қазақстан барысына» қалай дайындалып жатқанын, бір жарысты ұйымдастыруға қанша қаржы жұмсалатынын жеткізді.
«Құдайға шүкір, дайындығымыз жақсы. Осымен жарысты тоғызыншы рет ұйымдастырып отырмыз. Жинаған тәжірибеміз де бар. Соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатырмыз. Осы жылы «Қазақстан барысын» әдеттегідей, жоғары деңгейде өткіземіз деген үміттемін. Бір жарысты ұйымдастыруға қанша қаржы жұмсалатынын айта алмаймын. Себебі, біз шығындарды есептеген жоқпыз. Кейбір кездері мен намыстанамын. Мысалы, облыстағы ең нашар деген футбол клубының бюджеті шамамен 1 миллиард теңге. Ал біздің бюджетіміз осыдан 10-15 есе төмен», — дейді қазақ күресі федерациясының президенті.
Балуандардың жағдайы жақсарды
Сұқбат барысында ол «Қазақстан барысына» қатысқан балуандардың материалдық жағдайы жақсарып, қоғамның дамуына қызмет етіп жүргенін атап өтті.
«Қазақстан барысы» спортшылардың жағдайын жақсартуға септігін тигізді. Девальвацияға дейін біз бірінші орын алған балуанға 150 мың доллар беріп жүрдік. Қазіргі таңда бұл соманың мөлшері азайды. Бірақ 25 миллион теңгенің өзі қомақты ақша. Оған астана мен Алматыдан үй сатып алуға болады. «Қазақстан барысын» әлеуметтік «лифт» деп айтуға болады деп ойлаймын. Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Ержан Шынкеев, Руслан Әбдіразақов сынды балуандарды халық таниды. Бейбіт Ыстыбаев үлкен спорттан кетті. Қазір ол – Жамбыл облысындағы спорт мектебінің директоры.
Ал Айбек Нұғымаров – Семейдегі көлік колледжінің директоры. Бұл балуан биыл да Шығыс Қазақстан облысы атынан жарысқа қатысқалы отыр», — деді Арман Шораев.
«Шала ұйымдастырылады…»
Сондай-ақ, федерация президенті елімізде қазақ күресімен шұғылданатын жастардың саны артып келе жатқанын қуанышпен жеткізді. Алайда кейбір өңірлерде «Қазақстан барысы» балуандарын іріктеу жарысы өте төмен деңгейде ұйымдастырылатынын атап өтті. Шораев Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке неге «сәлем» жолдағанын түсіндірді.
Тағы оқыңыз: Арман Шораев облыс әкіміне «сәлем» жолдады
«Қазақ күресі федерациясының әр облыста өзінің филиалы бар. Қостанайдағы азаматтардан «жарыс өте төмен деңгейде ұйымдастырылды» деген мәлімет келді. Сондықтан мен бұл өңірдегі облыс әкімінің назарын осы мәселеге аударту үшін осылай айттым. Мұнда әкімнің кінәсі жоқ. Олар шамасы жеткенше қолдап жүр. Өкінішке қарай, кейбір облыстардағы спорт басшылары қазақ күресіне тиісті деңгейде көңіл бөлмейді. Бұл мәселе олардың жұмысты шала жүргізуінен туындап отыр», — дейді ол.
Қазақ күресін Олимпиадаға енгізу үшін не істеу керек
Сондай-ақ, Арман Шораев ұлттық спортты Олимпиада бағдарламасына енгізу үшін тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша,
«Халық барысы» мен «Қазақстан барысы» қазақ күресін кеңінен насихаттауға септігін тигізген. Ал «Әлем барысы» мен «Еуразия барысы» бұл спорт түрін халықаралық деңгейге шығару үшін қажет болған. Бірақ федерация президенті мұндай жұмыс мемлекеттік деңгейде жүргізілуі қажет деген пікірде.
©
Sputnik / Владислав Воднев
«Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев
«Бұл үшін көп еңбектену керек. Мысалы, Жапония 30 жыл бойы еңбектеніп, дзюдо күресін Олимпиада бағдарламасына кіргізді. Дамыған және кедей мемлекеттерде де дзюдо федерациясы бар. Сондықтан Жапонияның тәжірибесін қолдану керек. Олар дзюдо күресін дамыту бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірледі. Жапония әр мемлекетке жылына 200 мың доллар бөліп отырды. Бұл мәселені шешу Арман Шораев пен Қанат Бозымбаевтың қолында емес. Осыдан екі жыл бұрын қазақ күресі федерациясын құрдық. Қазіргі таңда 29 мемлекетте қазақ күресі федерациясы бар. Ал спорт түрі Олимпиадаға ену үшін оның кемінде 65 мемлекетте федерациясы болуы керек. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама қажет», — дейді ол.
Оның айтуынша, қазақ күресін Олимпиадаға енгізу үшін қыздар арасында бәсекелестікті арттыру қажет.
Қазақ күресінің атауын өзгерту керек
Әңгіме барысында Арман Шораев ұлттық спорт халықаралық деңгейде көтірілсе, қазақ күресінің атауын өзгерту мәселесі туындайтынын жеткізді. Бірақ бұл уақыт еншісінде.
«Егер біз қазақ күресін халықаралық дәрежеге шығаратын болсақ, оның атауын өзгертуге мәжбүр боламыз. «Қазақ» деген сөзін алып тастауымыз мүмкін. Ол қазақты менсінбегеннен емес. Қытайлықтардың «мысықтың түсі қандай болғаны маңызды емес, бастысы тышқан аулауы керек» деген сөзі бар. Сондықтан оның атауы өзгергенмен, заты қазақтікі болып қала береді. Сондықтан біз «Халық барысы» жарысында белдесу күресін жаңғыртып жатырмыз. «Белдесу» ағылшынша, орысша, французша айтуға өте оңай. Жалпы қазақ күресінің атауын өзгерту болашақтың еншісінде», — деді федерация президенті.
Допинг мәселесі
Оның айтуынша, «Қазақстан барысына» қатысатын әрбір балуан допинг сынамасын тапсырады. Сынама нәтижесі оң болғанда ғана олар өзіне тиісті қаражатты алады.
ИА «Новости-Казахстан», Болат Шайхинов
«Қазақстан барысын» тамашалап отырған жанкүйерлер
«Осыдан 2 апта бұрын «Қазақстан барысына» іріктеуден өткен балуандар Алматыда медициналық зерттеуден өтті. Олар да допинг-тест тапсыруға міндеттеледі. Мысалы, «Қазақстан барысының» өтуіне 2-3 күн қалды. Егер WADA балуанның қанынан допинг тапса, ол ойыннан шеттетіледі. Сонымен қатар «Қазақстан барысы» жеңімпазы мен жүлделі орынға ие болған балуандардан ойыннан кейін допинг сынамасын аламыз. Оның қорытындысы шықпай, тиесілі қаражатты бермейміз», — деді Арман Шораев.
Сөз соңында қазақ күресі федерациясының президенті 2017 жылы «Қазақстан барысы» атанған Еламан Ерғалиевтің допингпен ұсталуына қатысты пікірін білдірді.
Тағы оқыңыз: Қазақстан барысы — 2019: жеңімпаз балуан қанша теңге ұтады?
«Еламан Ерғалиев «Қазақстан барысы» атағынан айырылмайды. Себебі, жарыста жеңімпаз атанғаннан кейін оның қанынан допинг табылған жоқ. Ол 1,5 жылдан кейін ғана допингпен ұсталып отыр. Бізде федерациялар арасында меморандум бар. Бір спорт түрінен балуан допингпен ұсталса, оны басқа спорт түрлері қолдайды. Еламанның допинг сынамасы дзюдодан болды.
Бірақ соған қарамастан біз қазақ күрес федерациясы да оның жарысқа қатысуына шектеу қоямыз. Ол 2 жыл дзюда жарыстарына қатыса алмайтын болса, бізде сонша уақытқа жарысқа қатыстырмаймыз», — деп түйіндеді сөзін ол.
sputniknews.kz