Барлық шара күшейтілген тәртіпте атқарылады

0

Сайлау күні еліміздің барлық аймағында тәртіп қадағаланып, шаралар жүргізілетін болады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. 

Өз сөзінде Байболов 9 маусымда Қазақстанның барлық аймағында тәртіпті қадағалау шаралары жүргізілетінін айтты. Бұл заң талабы, дейді ол. 

«Жоспар бойынша, артық шығын шықпауы тиіс. Қадағалау шараларына жұмсалатын қаржы қоғамдық тәртіпке бөлінетін қаражат есебінен алынады. Әр аймақтағы орган өз орналасқан жеріндегі тәртіпті бақылайды. Сондықтан ел аймақтарынан қосымша күш тартылмайтын болады», — дейді комитет төрағасы. 

Сондай-ақ, ол сайлау күні Нұр-Сұлтан қаласында шамамен 20 мың полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті бақылайтынын және аталған мақсатта қосымша күш тартылмайтынын айтты.  Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полицейлер жеткілікті, дейді ол. 

Сонымен қатар шеру мәселесіне қатысты жауап берген Байболов қазіргі уақытта арнайы дайындық жүргізіліп жатпағанын атап өтті. Ол еліміздегі шаралардың барлығы күшейтілген тәртіпке сай атқарылатынын жеткізді. 

«Санкцияланбаған шеру болса, біздің атқаратын басты міндетіміз қоғамдық тәртіпті сақтау болып табылады. Сайлау өтетін күні адамдардың көптеп жиналуына жол берілмейді. Барлығы жоспарға сәйкес атқарылады», — дейді ол. 

Комитет төрағасы қоғамдық тәртіпті бақылауға шыққан тәртіп сақшыларының арнайы құрал-жабдықтары болатынын және оның нормативтік-құқықтық актілермен бекітілгенін түсіндірді. Заңға бағынбаған, адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндірген жағдайларда арнайы құрал-жабдықтарды пайдалануға рұқсат бар, дейді ол.

«Арнайы құрал-жабдықтардың қандай жағдайларда қолданылатыны заңда жазылған. Қателесуім мүмкін, сондықтан дәл қазір атап бере алмаймын. Алайда заңға бағынбаған, адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндірген жағдайларда арнайы құрал-жабдықтарды пайдалануға рұқсат бар», — дейді комитет төрағасы. 

stan.kz