Арина Осиновская автостоппен 17 елге қалай саяхаттады?

0

Арина Осиновскаяның сұхбатынан не біле аласыз?

  • Aвтостоппен саяхаттау қауіпті ме?
  • Мұндай саяхат адамның көзқарасына қалай әсер етеді?
  • Тілді білу қаншалықты маңызды?
  • Автостоппен саяхаттағанда қалай табыс табуға болады?
  • Еуропа, Грузия, Өзбекстанға саяхат
  • Автостопшылар мәдениеті

Автостоппен саяхаттауды қалай бастадым?

2015 жылдың жазы – үйден алыстап, еркіндікті сезінген шағым. Ата-анасыз, туған-туыссыз басқа қалада өмір сүру адамды айтарлықтай өзгертеді екен.

Саяхаттауды бұрыннан армандайтынмын. Бірақ “автостоп” дегенді білмегенмін. 1-курстан соң достарыммен пойызға отырып, Санкт-Петербургке қыдырып барғанда автостоппен саяхаттап жүрген жерлестерімді кездестірдім. Олардың еш қаражатсыз, жер-жерді аралап жүргенін көріп, таңғалдым, қызықтым. Содан бері жиі саяхаттауды мақсат етіп, университетті бітіргенше жаз сайын бір айға шетелге шығатынмын.

Арина Осиновская
Арина Осиновская. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Университетті бітірген жылы Байкалдан Мәскеуге жол тартқан автостопшымен кездейсоқ таныстым. Оның өмір салтына қызыққаным соншалық, диплом табыстау кешінің жақындап қалғанына қарамастан автостопшыға ілесіп, Мәскеуге саяхаттап кеттім. Бұл менің ең алғашқы ұзақ сапарым болды.

Автостоппен саяхаттай алатынымды түсінгенде үйде бей-жай отыра алмадым. Әрине, бос уақытың және мүмкіндігің барда “Менің қолымнан бәрі келеді” дейсің. Бірінші сапарымда Мәскеуге жеткенше жол-жөнекей басқа калаларға тоқтап, жаңа адамдармен танысып жүрдік. Ұзақ әрі қызық сапар аяқталып, діттеген жерімізге жеткен соң саяхаттауды әрі қарай құрбыммен жалғастырдым. Белоруссия, Украина, Ресей, Молдовада болдық.

2016 жылы құрбыларыммен бірге саяхаттаған автостоптан кейін өмірім түбегейлі өзгерді. Себебі басымнан өткерген оқиғалар мен сапардағы қызық сәттер көзқарасыма қатты әсер етті. Қара теңіздің адам аяғы баспайтын жағажайында телефонсыз, интернетсіз, адамдарсыз 10 күн өмір сүрдік. Түрлі халықаралық фестивальге, феменистік шерулерге қатыстық. Ондаған адамдармен таныстық және біршама қаланы көрдік. Бұл естен кетпес саяхат болды. Сол кездерде автостоппен жалғыз да саяхаттай алатынымды түсіндім. Бұрын маған өте қорқынышты болып көрінген нәрселер қолымнан келетініне көзім жетті.

Арина Осиновская
Арина Осиновская. Фото: Жеке архивінен

Тілді білу қаншалықты маңызды?

Саяхаттай бастағанда “Осы айда 20 қалада болдым” деп үнемі санап, мәз болатынбыз. Кейін ол мүлдем маңызды емес болып қалды. Бүгінге дейін әлемнің 17 еліне автостоппен саяхаттағанымды ғана білемін. Көбіне постсоветтік елдерде, ал Еуропаның тек Скандинавиясында болғам.

1,5 айға шенген визасына қол жеткізген соң Скандинавияның Норвегия еліне  автостоппен жөнелдім. Бұл Еуропаға алғаш рет шығуым еді. Ол кезде ағылшын тілін жетік білмегендіктен жанымда досым болған. Бірақ Норвегияға жеткен соң босқа уайымдағанымды түсіндім. Бәрі мен ойлағандай емес, ол жақта адамдармен қарым-қатнас орнату үшін тілді орташа деңгейде білу жеткілікті екен.

Еуропада “Былай да істеуге болатын ба еді?” деген ой жиі келетін. Себебі біз Қазақстандағы кейбір қолайсыз жағдайға мойынсұнып, оған оңай бейімделеміз. Басқа елдерде бәрі тұрғындардың ыңғайына қарай ойластырылған. Мысалы, веложүргізушілерге арналған жолдар оларда баяғыдан бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға түрлі лифт пен сырғыма баспалдақтар жүріп-тұруға өте қолайлы. Қазақстанда мұндай мүмкіндіктер енді пайда болды.

Арина Осиновская
Арина Осиновская. Фото: Жеке архивінен

“Aдамдарға сенімім артты”

Автостоппен саяхаттап, адамдарға, адамгершілік пен мейірімге деген сенімім артты. Меніңше, қалада тұратын адамдар көңілсіз, шаршаңқы болады, дөрекі сөйлейді. Ал қала сыртында олар керісінше көмек қолын созып, барынша мейірімділік танытқысы келетінін көресің. Адами қарым-қатнасты ақшасыз орнатуға болатынын сол кезде аңғаруға болады.

Автостоппен саяхаттаған ең ұзақ сапарым алты айға созылды. 2017 жылы Еуропада 1,5 ай болған соң, Украина, Грузия, Ресейде қыдырдым. Ал 2018 жылы құрбыммен жарты жыл Грузияда тұрдым. Грузия – менталитетіміз ұқсас, постсоветтік мемлекет. Халқы қарапайым, шынайы. Олармен тіл табысу да оңай. Билігі өзгерген, халқы көп нәрсеге ықпал ете алады. Маған бұл мемлекет өз үйімдей болып кетті.

Арина Осиновская
Арина Осиновская. Фото: Жеке архивінен

Қазақстаннан Өзбекстанға

2018 жылғы соңғы сапарым Өзбекстанда өтті. Тарихи мекенге осыған дейін достарыммен, құрбыларыммен бірнеше рет барғанмын. Соған қарамастан бұл жолы өзбек жеріне, әрі қарай Қарақалпақстандағы техномузыка фестиваліне жалғыз баруды ұйғардым. Қазақстанның батысында ешқашан автостоппен саяхаттамағандықтан Өзбекстанға туған қалам Оралдан шықтым.

Оралдан Атырауға, одан кейін Маңғыстауға автостоппен жеттім. Ал Маңғыстаудан Өзбекстанға бардым. Бұл маршруттағы даланың көркем көріністері мені ерекше толғандырды. Себебі оған дейін Алматы облысындағы таулы аймақ пен жасыл желекке көзім үйреніп қалған.

Арина Осиновская
Арина Осиновская. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Өзбекстанның шекарасынан өткен соң көлік болмағандықтан сол жақта кафеде қонуға тура келді. Таң атысымен жолшыбай жеткізе алатын жүк машинасына отырып, Қарақалпақстанның астанасы Нүкіске жеттім. Бірақ техномузыка фестивалі басқа қалада өтетіндіктен тағы да жолшыбай көлікке отырып, діттеген межеге келдім. Ұзақ та ауыр жол болғанымен әсем көріністерге, шөл далаға қарап отырып, өз көзіме өзім сенбедім. Ұланғайыр даланың таңғажайып сұлулығы Өзбекстанда екен.

Техномузыка фестивалінің шөл далада өткені қызық болды. Ташкент, Алматы, Бішкектен жиналған қауым аз емес еді. Өзім сияқты автостоппен саяхаттайтын түрлі адаммен таныстым. Тіпті, фестивальден кейін олармен Ташкентке Бұхара мен Самарқанд арқылы автостоппен жарысып бардық.

Арина Осиновская
Арина Осиновская. Фото: Жеке архивінен

Саяхат кезінде қалай табыс табуға болады?

Әрине, автостоппен саяхаттағандықтан көп ақша керек емес. Бірақ азық-түлік пен ұсақ-түйек заттарды алу үшін қаражат алып жүру керек. Саяхаттауға шықпастан бұрын Алматыда бірнеше ай жұмыс істеп, сапарға шығамын. Бұл маған жеткілікті еді. Ал Еуропаға барарда жеңіл ноутбук сатып алып, жол бойы интенет арқылы контент менеджер болып жұмыс істедім. Кафе, қонақ үй сияқты Wi-Fi бар жерлерден тапсырмаларды орындап, ақша табуға болады. Веб-дизайнерлер үшін бұл тіптен ыңғайлы.

Арина Осиновская
Арина Осиновская. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Автостоппен саяхаттау барлығына ұнамауы мүмкін. Бірақ, меніңше, барған елді жан-жақты танып білу үшін автостоп – саяхаттаудың таптырмас амалы. Аралаған елдерді шынайы бейнесінде көресің. Көбі шетелге шықса, ұшақпен ұшып келіп, интернет арқылы тапсырыс берген таксиге отырады. Алдын ала жалдап қойған пәтерге барады. Экскурсияға қатысады не аудиогидті пайдаланады. Туристерге арналған маршрутпен жүргендіктен мұндай саяхатшылардың қаланың өмірімен, тұрғындарымен тілдесуі екіталай.

Арина Осиновская
Арина Осиновская. Фото: Жеке архивінен

Ал автостоппен сапарға шыққанда таныс емес қаланың сыртындағы жолда қалып, бағыт пен таныстарыңды өзің табуың керек. Жүргізуші сені қайда апару керек екенін түсінбеуі де мүмкін. Автобуспен жүріп, сол жердің тұрғындарымен араласасың. Ол елдің нағыз бет-бейнесін көресің. Себебі дәл осы халық – елдің айнасы. Мысалы, Грузияда адамдармен таныссаң, олар міндетті түрде сені үйіне апарып тамақтандырады. Ол елдің адамдары саған өзі білетін туған жерін көрсеткісі келеді. Бұл керемет емес пе?!

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz