«Ар-намыс, беделді қорғау» туралы жоғарғы сот қаулысын өзгерту қажет

0

Халықаралық «Әділ сөз» баспасөзді қорғау қоры 1992 жылы Қазақстанның жоғарғы сот қабылдаған «Ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау туралы заңды сот тәжірибесінде қолдану туралы» қаулысын өзгерту қажеттігін айтады.

— Біз журналистерге қарсы түсетін арыз-шағымдар статистикасын жүргіземіз. Онда ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау бабы жиі қолданылатынын байқадық. 1992 жылғы қаулы өзгертуді қажет етеді. Біз жоғарғы сотқа өз нұсқамызды ұсынғанбыз, алайда олар қаулының жобасын өздері жасап, сайтына іліп қойыпты. Заңгерлеріміз барлық ережелерді өте мұқият қарап, келіспейтін жайттарға байланысты ұсыныстарын жазып, жоғарғы сотқа жібердік. Ол жерде қоғамдық пікір, ең бірінші кезекте журналистер қауымдастығының пікірін талап ететін жайттар бар, — дейді «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева 22 мамырда Алматыда өткен баспасөз жиынында.

Қордың заңгері Тамара Симахина жоғарғы сот ұсынған жобамен келіспеуінің басты үш себебін айтты. Оның пікірінше, әуелі «іскерлік бедел» деген ұғымның өзі түсіндіруді қажет етеді.

— Біріншіден – «іскерлік бедел» ұғымына байланысты түсініктеме қажет. Шағымды мемлекетті мекемелер, мемлекеттік қызметкерлер түсіреді. Біздің ойымызша, «іскерлік бедел» тек коммерциялық кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлерде ғана болады, себебі олардың іскерлік беделі олардың табысына әсер етеді. Ал мемлекеттік орган қызметкерлерінің тұрақты табысы — айлығы бар, — дейді заңгер.

Заңгердің айтуынша, жоғарғы сот ұсынған қаулы жобасында «БАҚ-та жарияланған ақпараттың рас екенін жауапкер дәлелдеуі керек» деп жазылған. Ал ақпараттық рас-өтірігін шағым беруші өзі дәлелдеуі керек.

Симахинаның айтуынша, қаулы жобасында жауапкердің ресми түрде кешірім сұрауы туралы да жазылған.
— Шенеуніктер көпшілік алдында кешірім сұрауды жиі талап етеді. Бұл дұрыс емес және Азаматтық кодекске қайшы. Ондағы 143-бапта нұқсан келген беделді қалпына келтірудің екі жолы бар деп көрсетілген: «бұқаралық ақпарат құралдарында терiске шығару не жауап жариялау». Сондықтан жоғарғы соттың жаңа тәсіл ойлап табуына хақы жоқ, тек заңда көрсетілген жайттарды ғана қолдануы тиіс, — дейді Тамара Симахина.

Азаттық тілшісі баспасөзді қорғау ұйымының мәлімдемесіне байланысты жоғарғы сотқа хабарласты. Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов Азаттық тілшісіне «Ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау туралы заңды сот тәжірибесінде қолдану туралы» қаулысы жоғары сот судьяларымен бірігіп талқыланғанын айтты.

Жобаның жыл соңына дейін талқыланатынын айтқан баспасөз хатшысы бұл қаулының түпкілікті нұсқасы емес екенін айтып, алдағы уақытта өзгерістер енуі мүмкін дегенді меңзеді.

Azattyq