Ақтөбеліктер несиеден қашып, жаппай VIP киіз үйлерде той жасап жатыр (ФОТО)
Ақтөбеліктер той жасаудың жаңа түріне көшті. Қазір бірнеше миллиондап несие алып шашылатындар азайған. Керісінше, өңірде шығын аз кететін киіз үйді жалға беру кәсібі қызып тұр деп хабарлайды.
Ақтөбеліктер сұранысқа орай қазақы киіз үйлердің элиталы VIP түрлерін ұсынып жатыр. «Қазір киіз үйге деген сұраныс қатты. Несие алып, мейрамханаға той жасағаннан киіз үй бірнеше есеге қолайлы. Оның үстіне шашылып той жасағанда жастар бірге тұра ма, тұрмай ма деген мәселе да бар.
Осыны ескеріп, көпшілігі қатты шығындалмаудың жолын қарайды. Екі бірдей киіз үй жалдап, дүбірлетіп той жасап жатқандар жоқ емес. Ондағы тойлар мейрамханадан кем өтпейді», — дейді Ләззат Мамирова.
Ләззат Мамированың бұл кәсіпті қолға алғанына екі жыл болған. Кәсібін заңдастырып, салық та төлеп отыр. Айтуынша, ақтөбеліктердің көпшілігі қуанышын киіз үйлерде тойлап жатқанға ұқсайды.
«Өзімнің екі киіз үйім бар. Аптаның жеті күнінде де тойға шығамыз. Өткен жылы көп шақыртмайтын. Биыл мықты көп. Жақында бір ауылдық жерге бардық. Той қазақы киіз үйде жасалды. Ат шабыс, күрес ұйымдастырған. Ана жерде ерекше шоу болды. Міне, қазақтың тойы осындай болу керек», — дейді кәсіпкер.
Өңірде киіз үйлер VIP түрлері сұранысқа орай пайда болған.
«Енді сұранысқа қарай қажеттілік те болады. Қолданыста киіз үйдің элиталы «VIP» және қарапайым «стандарт» түрі бар. Элиталы қызметте орындықтардан бөлек, қымбат ыдыстармен сервисті мейрамханадағыдай жасаймыз. Фарфор ыдыстар да қойылады. Элиталы киіз үйлерді көбіне әкімшіліктің адамдары үлкен қонақтар келгенде алады. Vip киіз үйлер барлық жасауымен 120-150 мың теңгеге шығады.
Қарапайым түрлері 40 мың теңгеге бар. Мұндай бағаға мейрамханаларда той жасау мүмкін емес. Оның үстіне бізде адам басына есептелмейді. Үлкен киіз үйлерге 150 адам сияды. Жақында танысым осындай киіз үйге 120 адам шақырып той жасады. Тамағы, асабасы, аспазының бағасын қосқанда барлығы 380 мың теңге кеткен. Қазақтар мұндай ақшаны бір мал сатып та таба алады. 3 миллиондап несие алып, өмір бойы төлегеннен тиімді», — дейді Ләззат Мамирова.
Киіз үйді жалға берушілер күз келгелі тек садақаларға ғана шығып отыр.
«Қазір күз болған соң той азайды. Негізі тойдың маусымы қырқүйекке дейін. Енді садақаларға барып жүрміз. Адам көп келеді деп садақаларға да 2-3 күйіз үй құратындар бар. Садақаларға қатып қалған баға жоқ. Қазаның айтып келмейтінін білеміз. Сондықтан жағдайына қарап, бағаны келісіп береміз. Кейбіреулердің мүлде жағдайы болмайды. Ондайда жол-пұлдың бағасын берсе, тегін де қызмет көрсетеміз», — дейді Ләззат Мамирова.