Ақтөбелік дзюдошы облыс әкімінен 500 мың теңге алды

0

2018 жылғы 28 желтоқсан 20:16 162

Ақтөбелік дзюдошы облыс әкімінен 500 мың теңге алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат — Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әлем чемпионатында қола медаль алған Жанболат Бағытбергеновке 500 мың теңгенің сертификатын берді. Ол Багам аралында өткен жарыста жастар арасынан ел намысын қорғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев дзюдошы Жанболат Бағытбергеновпен кездесті. Ол қазан айында Нассау (Багам аралы) қаласында өткен жастар арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында қола медаль алды. Бұл әлем чемпионатына қатысқан қазақстандықтардың жалғыз жүлдесі болды. Әрі Ақтөбе облысының жастары арасындағы дзюдоның тарихында алғашқы медаль осы. Біріншілікке барлығы 79 елден келген 492 спортшы қатысқан еді.

«Бұл Қазақстан үшін, атап айтқанда Ақтөбе үшін үлкен жеңіс. Сен әлі жассың. Небәрі жиырмадасың, яғни, спорттық мансабыңдағы алар асуың әлі алда. Бастысы ерінбей, өзіңе күш-жігер жұмсап, шеберлігіңді шыңдауға көңіл бөлу керек. Оған қоса, келе жатқан жыл — лицензиялық. Сондықтан Токиода өтетін Олимпиада ойындарында сенің де қатысатыныңа сенеміз»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы, сондай-ақ, спортшыға облыстық дзюдо федерациясы атынан 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақының сертификатын табыс етті. Өз кезегінде Жанболат Бағытбергенов алғыс айтып, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін әрі қарай да бар күшін салатынына уәде берді.

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz